Қарағайлы мешітінде діни сауат ашу орталығының ғимараты бой көтерді

0

Бүгін Алматы қаласы Наурызбай ауданы Қарағайлы мешітінде, қолы ашық азаматтардың тікелей демеушілігімен, діни сауат ашу орталығы ғимаратының ашылу рәсімі болып өтті.

 

Жиында алғаш сөз алған ҚМДБ дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет бүгінгі ақ түйенің қарны жарылған айтулы күнмен Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің атынан құттықтады. Елімізде осындай діни сауат ашу орталықтарының көптеп ашыла беруіне тілектестік білдіріп, игілікті іске үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты.  

 

Ал, кезекті сөз алған Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы Алматы мешіттерінің көркіне көрік қосатын, елдің діни сауатын арттырып, ғылым-білімге үндейтін осындай ағарту ордаларының ашылуы – ел игілігі үшін атқарылған сауапты істерден екенін жеткізді. Сондай-ақ, діни сауат ашу орталығының ашылуына тікелей демеушілік еткен марқұм Есіркеп Ырысбекұлының отбасына, ағайын-туыстарына ризашылық сезімін білдірді. 


Сауапты іске мұрындық болған марқұм Есіркеп Ырысбекұлның асыл жары, Жеңіскүл апамыздың иығына шапан жабылды. Апамыз да өзінің жүрекжарды лебізін аямай, осындай бейбіт күнге жеткізіп, игілікті істерді атқаруға мүмкіндік берген Аллаға шүкіршілік айтып, көзіне жас алды.


Содан діни сауат ашу орталығының тұсауы кесіліп, келген қонақтарға жаңа ашылған білім ордасының асханасында арнайы дастарған жайылды. Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы, белгілі исламтанушы ғалым Ерсін Әміре марқұмдарға Құран бағыштады. Ақсақалдар жағы ақ батасын беріп, жамағат болып ықыласпен дұға етті.

 

Қарағайлы мешітінің Бас имамы Бахтияр қари Кыдырбекұлына діни сауат ашу орталығының кілті табысталып, алдағы уақытта осы білім ордасында елімізге аянбай қызмет ететін білімді шәкірттердің тәрбиеленіп шығуына тілектестік білдірді.

 

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі