Қалжа беру дәстүрі

0

Халқымыз қыз баланы болашақ ана ретінде қай кезде де болмасын жоғары құрметтеген. Соған орай әйел кісілерге тән салт-жоралғылар қалыптасқан. Соның бірі – ана атанған келінге арнайы қалжа жегізу. Қалжа дегеніміз – босанған келінге арнап байланған қой. Ал, қалжалап беру – қазақтың дәстүрлі отбасылық салтындағы ғұрып. Босанған әйелге «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген. Енелер келініне қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпамен терлетіп отырған. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары тез бітіп, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кететін болған. Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мой-ны қатқанша керегенің басына ілген. Кейде ашқарақ, тамаққа өте сұғанақ жандарды көрсе, «шешесі қалжаға тоймаған ғой» деп әзілдесетін ырым бар.

Сонымен қазақтың осы дәстүріне сай мейлі ол бай болсын, мейлі ол кедей болсын әйеліне қалжа жегізетін. Тіпті, бұған өзінің шамасы келмейтін болса, ауқатты (дәулетті) адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас са-налады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қалжа жеп, жас сорпа ішкен келіншектің сүті де маңызды, құнарлы бо-лады. Баланың тез ет алып өсуіне әсер етеді.

Қалжа малын шалудың да өзіндік сыры, бөлекше қыры бар. Жол-жоралғысы бар. Өйткені дүниеге бала әкелу қай анаға болса да оңай шаруа емес. Баланы тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, соңында толғатып босанған әйелдің буын-буыны босап, үш жүз алпыс екі тамы-ры түгел ашылады. Ащы толғақтан әбден шаршайды, қалжырайды. Көп қан жоғалтады. Көңілін, жүрегін үрей билейді. Толғақ үстінде мың өліп, мың тіріледі. Ананың осындай қалжыраған күйін, әлсіреген жайын білетін ері әрі әйелдің денсаулығы үшін және нәрестенің аман-саулығы үшін бір малын қалжаға арнап соятын. Әйел қалжасын жесін, қалжырағанын бассын, кеткен қаны толсын, денсаулығы мығым болсын, сорпа-су ішіп күтінсін деп, қас-қабағын бағады, аялайды. Қазақта босанған әйел «тозақтың есігін жеті ашып, қақпасын жеті қағып, «Алла, жаным» деп құлын даусы көкке жетіп, шыбын жаны тозақтан жаннатқа ауысады» деген сөз бар.

Сондықтан тіліміздегі «қалжа» сөзінің өзіндік мән-мағынасы жоғары.

Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп беретін болған, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндеті болып есептеледі.

Қалжаға қатысты мынадай бата сөздер бар: Алдыңа келген ас екен, Астың аты «қалжа» екен. «Шілде теріңді» шығарар, Ұлықпан тапқан дәрі екен. Ер марқаяр – олжадан, Қатын ұлғаяр – қалжадан. Ақсарбас қойдың еті бұл, Ішіп ал қалжа сорпадан. Дәмді болсын асыңыз, Аман да болсын басыңыз. Қошқардай ұлдар туа бер, Ғұмырлы болсын жасыңыз. Бақытты болсын баласы, Аман да болсын анасы. Білімді болып ер жетсін, Халықтың тақуа данасы. Қалжалы әйел – олжалы, Олжалы әйел – қормалы. Туғаныңды құттықтап, Туыстар тұр, міне, әлі. Баланың бауы берік болсын, Өзіңе, өміріңе серік болсын. Маңдай бағы жарық болсын, Елі сүйіп, қарық болсын. Қалжадан – балаға «жете» қонсын, Бастағы бағы өзгеден өте қонсын. Алладан тілеген бар тілек, Айналып басыңа төте қонсын.

Мұнымен қоса, «Қалжалы бала батыр, қалжасыз бала – қалжыр», «Әйел қалжадан ұлғаяды, ер олжадан марқаяды», «Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі, Қалжасыз әйелден қаншырдай қатқан қыз өседі», «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі», «Қалжа, қалжа түбі – олжа» деген тәрбиелі тәмсіл сөздер бар.

Ал, кейде қазақ азаматтары бір-бірімен шекісіп қалған жағдайда қалжыңдасып «Менің де шешем бір қой қалжа жеген» деп өзінің бойындағы қару-қайратын, азаматтығының өлшемін қалжамен білдірген. Демек, қалжа – ертеңгі күні баланың зор тұлғалы, сымбатты азамат болып өсуінің кепілі. Ал халқымыз әлдебіреулер әлжуаз, қорқақ, қоянжүрек, жасықтарды көргенде «Әй, сенің шешең бір қой қалжа жемеген бе?» деп оған сын айтатын болған.

Қысқасы, қалжа – дәстүрімізде өзіндік орны бар ерекше ас. Анаға да, балаға да қуат сыйлайтын, ойды өсіріп, мінезді қалыптастыратын, Құдай Тағаланың бергеніне шүкірлік айтатын нәрлі ас.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз