Пайғамбарымыздың Жүләйбиб есімді жігітке қалыңдық іздеуі (қызықты оқиға) / Абдусамат Қасым
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Жүләйбиб есімді сахаба жігіт өмір сүрген. Өзі ішерге асы, киерге киімі жоқ пақыр болған. Не үйі жоқ, не паналайтын жақындары жоқ бейшара күй кешіп жүреді. Мешітте жатады. Ол кездегі Мединедегі мешіт қазіргі кездегідей емес. Төсенішсіз. Құр жер. Онымен қоса, жігіттің түр-сипаты да адам қызығарлық сымбатты деуге келмейді.
Бірақ, тақуалығында сөз жоқ екен. Бос отырса болды зікір-таспихаттарын айтып, Құранды тиләуәттап отырады. Бес уақыт намазда алдыңғы сапты бермейді. Біздер сияқты, лаж болса, соңғы саптан орын алайын, парыздан кейін тайып тұрайын деген түсінік жоқ.
Жəне де жау шапты деген хабар естісе, елден бұрын қамданып, алдыңғы шептен табылады екен. Сондай ықыласты жас жігіт. Ал енді, ең қатты жақсы көретін нәрсесі Алла елшісінің жанында отыру, онымен сұхбаттасып, насихатын тыңдау. Содан рахат алатын болған.
Сол міскін жігітке бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.):
— Жүлейбиб, үйленгің келмей ме? – деп сұрайды.
— Уә Расулалла, мені кім үйлендірер дейсің – дейді ол.
Пайғамбар (с.а.у.):
— Сені мен үйлендірем, ей Жүлейбиб.
Жүлейбиб:
— Өзім сияқты ешкімге керексіз, бейшара бір қызға үйлендірмесеңіз, маған басқа кім қызын береді дейсіз – дейді Жүлейбибтің көңілі түсіп.
Сонда Пайғамбар:
— Олай деме. Білесің бе, Алланың қасында сенің дәрежең қаншалықты екенін?! Сен Аллаға керексіз емессің, — деп Алла елшісі жігітке басу айтады.
Күндердің күнінде Мединедегі Ансарлардың бірі Пайғамбарымызға өзінің жесір қалған қызын жар етіп ал деп ұсыныс жасап келеді. Пайғамбарымыз «алам» дегенде, әлгі сахаба «Пайғабармен туыс болатын болдым, қызым да бақытты болатын болды» деп қуанып кетеді.
Алайда Пайғамбарымыз:
— Бірақ, өзіме емес – дейді.
Қыздың әкесі:
— Өзіңізге болмаса, кімге алайын дедіңіз, уә Расулаллаһ?
Пайғамбар:
— Қызыңызды Жүлейбибке алып бергім келеді, — дейді.
Қыздың әкесі алғашында түсінінкіремей:
— Жүлейбиб дейсіз бе? Жүлейбибке алып бергіңіз келе ме? – деп қайта сұрайды.
Пайғамбар:
— Иә. Жүлейбибке алып бергім келеді.
Қыздың әкесі біраз ойланып тұрып:
— Олай болса, күте тұрыңыз. Мен анасымен ақылдасып келейін, — деп рұқсат сұрап кетеді.
Сонымен қыздың әкесі үйне келіп әйеліне:
— Алла елшісі қызыңды айттырып отыр, — деп әңгімені бастайды.
Қыздың анасы:
— Пайғамбарға бермегенде кімге береміз?!
Әкесі:
— Өзіне емес, Жүлейбибке сұрап отыр.
Қыздың анасы:
— Жүлейбибке ме? Болмайды. Біз пәлен адамға, түген адамға айттырып келгендерінде бермей қойдық. Қалайша Жүлейбибке береміз – деп анасы қарсы болады.
Содан қыздың әкесі іштей қайғыланады: «Енді қайтпекпін? Ардақты Пайғамбарымызға қалай айтамын? – деп, іштей уайымдап орнынан тұрып сыртқа шыға бергенде қызы бөлмесінен:
— Әке, мені кім айттырды? – деп дауыстайды.
Әкесі:
— Сені Пайғамбар Жүлейбибке айттырып отыр.
Қыз:
— Сонда сіздер Алла елшісінің әмірін кері қайтармақшысыздар ма? Мені Пайғамбар айтқан жігітке беріңдер. Пайғамбардың мені қор қылмасына сенімдімін. Ол айтса, демек бір хикметі бар» — дейді де келісімін береді.
Содан қыздың әкесі Пайғамбарға оралып, келісімін беретіндіктерін білдіреді. Пайғамбарымыз бірден Жүлейбиб пен қызды шақыртып некелерін қияды да қасиетті алақанын жайып ол екеуіне былай деп дұға етеді:
«Аллаһуммә суббә ъаләйһимә әл-Хайра саббән, Уә лә тәжъал ъишәһумә кәддән».
Мағынасы: «Аллаһым, мына екеуіне жақсылығыңды көптеп төк. Тұрмыс-жайларында қиындық берме».
Осылайша Алла Тағала ешкімі жоқ пақыр жігітті Мединедегі ансарлық қыздың біріне үйлендіріп, үйлі-жайлы қылған екен.
Алайда біраз күннен кейін Пайғамбарымыз жорыққа аттануға қол жинайды. Пайғамбар бастаған барлық сахабалар қару-жарақ асынып жауға аттанады. Араларында Жүлейбиб те бар. Содан белгілі бір жерде жаумен ұшырасып, сол жерде шайқас болып, біраз сахабалар шейіт болады.
Шайқас аяқталысымен тірі қалғандар жиналып әркім өзінің қасындағыларды: Пәленше қайдасың? Тірісің бе? Түгенше сен ше амансың ба?» деп аман-саулықтарын тексеріп жатады. Пайғамбарымыз жиналғандардан: «Жоғалтқандарың бар ма?» деп сұрайды. Сахабалар: «Иә, жоғалтқандарымыз бар. Олар, пәленше, түгенше» деп аты-жөндерімен айтып береді. Бірақ Жүлейбибті ешкім тілге алмайды. Сонда Пайғамбар жиналғандарға көз жүгіртіп: «Жүлейбибті көрмей тұрмын. Ол қайда? Тұрыңдар, Жүлейбибті іздеңдер. Аман-саума, көріңдер?» деп тірі қалған сахабаларды Жүлейбибті іздеуге жібереді.
Олар шайқас алаңына барып, өлгендердің арасын іздей бастайды. Кенет шайқастың оңашалау жерінде Жүлейбибтің жансыз денесін көреді. Барса, айналасында жеті жау әскері өліп жатыр екен. Сөйтсе, жан-жағынан қаптаған жау әскерінің жетеуін жер жастандырып барып өзі де сол жерде шейіт болған екен.
Сахабалар Пайғамбарымызды Жүлейбибтің жатқан жеріне ертіп апарады. Алла елшісі әр жері кескіленген Жүлейбибтің жансыз денесінің жанына келіп: «Сен мененсің. Мен сененмін, ей Жүлейбиб» — дейді де Жүлейбибтің өлі денесінің қасында молдас құрып отырып, оның денесін екі қолымен көтереді. Қалғандарына қабірін қазуды бұйырады. Сахабалар қабірін қазып болғанша Пайғамбарымыз Жүлейбибтің денесін қолынан түсірмей, құшақтап отырған екен. Сол жерде болған сахаба Әнәс осы жайында: «Біз қабірін қазып жатқанымызда Жүлейбибтің төсеніші — Пайғамбардың екі білегі тұғын» деп айтқан сөзі бар.
Осылайша өзімен-өзі, жұрттың назарынан елеусіз қалып қойып жүретін Жүлейбиб есімді ешкімі жоқ жас пақыр сахабаны Алла елшісі өз қолымен аялап жер қойнауына тапсырады.
Ал онымен үйленген қыздың айтқаны айдай келеді. «Пайғамбарымыз айтқан болса, бір хикметі бар деген» Ол Жүлейбибке үйленгеннен кейін дүниесі артып, Жүлейбиб шейіт болғаннан соң да дүниесі толастамай, Медине қаласындағы ең бай жесір келіншек атанады[1].