Пайғамбарымыз (с.а.у.) спортпен айналысқан ба?
Пайғамбарымыз жайлы айтылған хабарларда оның оқ ату, атқа шабумен қатар жүруді де насихаттағаны айтылады. Осы насихатқа орай сахабалар жүруге қатты мән берген. Хазірет Омар (р.а.) былай деген: «Балаларыңа жүзуді, атқа шабуды үйретіңдер және белгіленген қашықтық арасында жалаң аяқ жүруді әмір етіңдер». Жүру де − дене шынықтыру жаттығуларының бірі. Жаяу жүру, жүгіру және т.б. көптеген бірқалыпты орта деңгейде орындалатын дене қозғалыстары арқылы әртүрлі бұлшық еттер жұмыс істеп, белгілі мерзім аралығында олардың босаңсуына жол ашылады. Ал бұл мидың ұзақ уақыт жақсы қызмет істеуіне әсер етеді.
Жүгіру жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ара қашықтыққа жүгірген адамның әрбір қадамында жақсылық бар». Өзінің Айша анамызбен (р.а.) екі рет жарысқаны, біріншісінде хазірет Айшаның (р.а.), екіншісінде Пайғамбарымыздың озып кеткені айтылады (1). Сахаба Абдуллаһ ибн Омардың қашықтыққа өте тез жүгіретіні, мәреге жеткенде «Міне, келдім! Міне, келдім!» – деп қуанғаны баяндалады. Пайғамбарымыздың және сахабалардың реті келгенде қашықтыққа жүгіргендерін, осылайша дене шынықтыруға көңіл бөлгендерін айтуға болады.
Осы айтылғандармен қатар дене шынықтыру мақсатымен басқа да жаттығуларды балаларға орындату, күнделікті әдетіне айналдыру тәрбие тұрғысынан қажет. Себебі, мұғалімнің немесе жаттықтырушының басшылығымен күнбе күн дене шынықтырумен шұғылданып жүрген жасөспірім тек қана денсаулығын жетілдіріп қоймайды, сонымен қатар адамгершілік рухта тәрбиеленеді. Кездескен қиыншылықтың қандайын болса да жеңіп шығуға дағдыланады, бойында жағымды мінез-құлық қалыптасады. Коллективте қатаң тәртіп сақтау ережелерін орындау дағдысына, жоғары мәдениеттілікке тәрбиеленеді. Олардың алдына нақтылы міндеттер қойып, осыны толық орындап шығу үшін ерінбей еңбек етіп, күш-жігерлерін жұмсау қажеттілігін ескерту тиімді. Бұл − баланың белсенділігін арттырып, оларды іске жұмылдырады. Күш, шапшаңдық, төзімділік, ептілік, табандылық және тәртіптілік көрсетуге байланысты әртүрлі еркін бұлшық ет қимылдарын жасау үшін өзінің дене күші мен ой- өрісі қабілеттілігін арттыра түседі. Аңғарғыштығы, ептілік қасиеттері жетіле береді.
Құдайберді БАҒАШАР