ПАЙҒАМБАР ﷺ АҚИДАСЫ КІТАБЫНА РЕЦЕНЗИЯ
Кәлам ілімі ислам дінін танып білу мәселесіндегі негізгі тақырыптардың бірі екені белгілі. Сонау Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде мүнәпықтар тобының пайда болуымен һәм «Сиффин» бұлғағында иман мен амалды тұтас санаған харижилердің тарих сахнасына шығуымен ақида мәселесі мұсылман үмбетінің күн тәртібінде тұрған маңызды тақырыпқа айналды. Хижраның ІІІ ғасырында ислам діні әлемнің үш континентіне таралып, ескі діни және философиялық мектептердің әсерінен ислам атын жамылған дүбара сенімдегі жабари, қадари, муржи, муғтазали, ғулат, каррами, мушаббиһ-мужассим және т.б. дүдәмал ағымдар ортаға шығып, кәлам мәселесі тіптен күрделене түсті. Осы тұста Жаббар-Хақтың илаһи сынағынан сүрінбей өтіп, мұсылман үмбетінің шырақшысы һәм ақиқаттың алғадайы бола білген Имам Матуриди, Имам Әшғари, Имам Тахауи секілді иір-бұтақ мутакәллим ғұламалар жат пікірлерден Хақ сенімді қорып, Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған ұлы мұра – ақида ілімін кейінгі ұрпаққа мұртын бұзбастан, қаз-қалпында жеткізіп, аманат етіп қалдырды.
Серік Тәжібаев «Пайғамбар ақидасы» атты кітабында әһлі-сүннет сенімінің жоқтаушысы Имам Матуридидің бүгінгі күні талас-тартыстың тұздығына айналып отырған кейбір мәселелерге қатысты көзқарастарын талдаған. Атап айтар болсақ, Алланың заты мен сипатының транцедентті екенін, Ұлы Жаратушының беймекен һәм жаратылысқа тәшбиһ жасауға болмайтынын, иман мен амалдың арақатынасын, Матуриди ақидасының силсиласы Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастау алатынын, жат діни ағым өкілдері негізге алып жүрген хадистердің дәрежесі мен түсіндірмесіне тоқталып, сенім мәселесіндегі дәлел-дәйекке сүйенудің теория-методологиясын және өзге де кәлам іліміндегі күйіп тұрған тақырыптардың қоясын көтеріп, мәселеге әһлі-сүннет ілімі тұрғысынан жан-жақты талдаулар жасаған.
Серік Тәжібаев бауырымыздың осындай соқталы тақырыпты талдауға ұмтылысын сөз жоқ батыл қадам деп есептейміз. Десе де, қалың бұқараға Матуриди ақидасын жеткізіп түсіндіруге таптырмас оқу-құралы бола алатын «Пайғамбар ақидасы» атты еңбектің жетістіктерімен қатар әлі де пісіп-жетілдіретін тұстары да жоқ емес. Кітаптағы дидактикалық рәуіште қарастырылған мәселелерді академиялық зерттеу деңгейіне көтеру үшін ғылыми институт немесе ЖОО-дың жанындағы ғылыми кеңестердің сын-тезінен өткізіп, ғалымдардың талқысына салып, томағасын сыпырса нұр үстіне нұр болар еді. Алдағы уақытта тақырыпты тағы да індете зерттеп, осы олқылықтардың орнын толтырады деп үміттенеміз.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі,
Дінтанушы Ғалым, PHD доктор Мұхан ИСАХАН