Неге намазды құбылаға қарап оқимыз?

0

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қағба тасқа қарап намаз оқуымыздың ең басты себебі — Алланың бұйрығы. Алла Тағала барша мұсылмандарға намазға тұрарда Мекке қаласында орналасқан әл-Харам мешітіне беттеуді бұйырған[1]. 

Екінші себебі, Меккедегі мешіт – жер бетіндегі ең алғашқы құрылған мешіт. Оның өзге мешіттерден сауап тұрғысынан да, берекелі болуы тұрғысынан да дәрежесі жоғары. Әли Имран сүресінде былай делінген: «Шынында адамзат үшін алғаш құрылған үй (Алланың үйі) Меккедегі (бәйтулла). Оны бүкіл әлемге береке әрі хидаят еттік»[2].  

Үшінші себебі – жер бетіндегі мешіттер адамдардың таңдауымен соғылған болса, Меккедегі мешіттің құрылуын Алла Тағаланың өзі қалаған. Ол мешіт — Жаратушының таңдауы. Сол себепті, ол барлық мешіттердің құбыласы.

Ал, барлық мұсылмандардың бір жерге беттеуінің мәні неде? десеңіз, оның да өзіндік мән-мағыналары бар.  

Біріншіден, Құдай — біреу. Бәріміз бір Аллаға табынамыз. Сондықтан да, бәрінің жүзі бір бағытқа қарауы керек.

Екіншіден, намаз, тек рухани азық қана емес, ол – мұсылмандар арасында ұйымшылдықтың және бірлік пен бауырмалдықтың ұйытқысы. Ал, бүкіл мұсылмандардың бір жаққа қарап құлшылық етулері адамдар арасында бірлікті тудырады.

Үшіншіден, құбылаға беттеу — барлық мұсылмандардың бір тұсқа қарауды қамтамасыз етеді. Мысалы, мешітте әркім әр тарапқа қарап оқитын болса, жамағатпен намаз оқудың мәнісі қалмас еді. Бірлікке және бауырмалдыққа шақыратын дініміздің, намазда әртүрлі тарапқа беттеулеріне жол беруі ақылға қонымсыз. 

Осы орайда, мұсылмандардың құбылаға беттеуі – кағба тасқа табыну емес, Алланың бұйырған бағытына қарай беттеп құлшылық жасау.  

Абдусамат Қасым