«Мясо-костная мука» жеген құстың және малдың еті халал ма?
Ассалаумағалейкүм! Сіздерге сұрағым: http://halaldamu.kz/?p=7873 сілтемесінде құстарға беретін жемдік қоспа мясокостная мука жеген мал, құс еттері харам болып табылады ма?
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Мясокостная мука» деген жемді хайуандардың ішек-құрылысынан, өлген хайуандардың етінен, сүйектерден, жалпы ет өндірісіндегі қалдықтардан жасайды. Оларды парға булап, суға қайнатқаннан кейін кептіріп, ұнтақтайды. Бұнымен қатар су хайуандарынан да өндіретін жем түрлері бар.
Бұл жем түрі негізінен алып қарағанда, нәжістер қатарынан саналғандықтан Ислам шариғатында еті желінетін малдар мен еті желінетін құстарға беруге болмайды. Себебі, Исламда еті желінетін хайуандарды табиғаттарына сай таза қорекпен қоректендіруді бұйырған. Ал, көп уақыт бойы нәжіспен қоректенген малды дінде «жәлләлә» деп атап, оның етін және сүтін жеуді тыйяды. Тіпті, ондай нәжіс жеп жүрген хайуанды мінуден де қайтарған[1]. Тек, белгілі уақыт бойы қамап таза жем-шөп беріп, еті-сүті тазарды-ау дегенде барып, халал саналады. Оның мерзімі: тауық болса, үш күн. Қой-ешкі төрт пен он күн арасы. Түйе мен сиыр он күн мен отыз күн арасы (кей ғалымдар түйе отыз күн, сиыр жиырма күн деген).
Бұл жағдайда Ханафи ғалымдары, жеген нәжістен етінің өзгерген не өзгермегеніне қарай үкім береді. Мәселенки, ескі кітаптарда Ханафи ғалымдары еті иістеніп, дәмі өзгермесе, оны халал санаған. Мысалы, доңыздың сүтін ішіп өскен қозының еті адал делінеді «дурруль мухтар» кітабында. Себебі, одан оның еті иістеніп өзгермейді. Ал ішкені бойына сіңіп, жоқ болып кетеді[2].
Имам Кәсәни былай деп тұжырымдайды: «Жәлләләнің (яғни, нәжіспен қоректенген мал не құс) мәкрух (харам) болуы – нәжіс жегені үшін емес, нәжіс жегенінің нәтижесінде етінің өзгеріп, иістенуі себепті». Ондай өзгеріс әрине көп уақыт бойына нәжіспен қоректенген хайуанда ғана байқалуы мүмкін. Ал қорегінің көбі таза жем-шөптен құралып, аз бір бөлшегі нәжістен болса, оның зияны жоқ.
Одан бөлек, денсаулыққа тигізер зиянын анықтау да маңызды. Егер, жеген қорегі себепті хайуанның не құстың етінде бактериялар, түрлі ауруларға алып келер микроптар т.б. зиянды нәрселер пайда ететіндігі анықталған жағдайда да Исламға қайшы. Ондай хайуанның еті желінбейді.
Қорытындылай келе:
- «Мясокостная мука» хайуанның (доңыз т.б.) ішкі құрылыстарының, ет-сүйектерінің ұнтақталған түрі болғандықтан еті таза малдарға және тауықтарға (қазы, үйрек т.б.) беру Исламда құпталмайды.
- «Мясокостная мука» атты жемді жеген малдың не құстың еті иістеніп, дәмі өзгеретіндігі анықталса, ол малдың не құстың етін жеу харам. Малдың етінде түрлі бактериялар тудыратын қорек түрін малға беру харам.
- Кілең сондай жеммен қоректенетін хайуанды (не құсты) соймай тұрып, белгілі уақыт қамап таза жем-шөбін беріп қараған жөн. Ескі кітаптарда тауықтар үш күн, ал ірі қара малдар 10-20 күн делінген.
Сөз соңында айтарымыз, сауда орталықтарындағы еттердің қаншалықты халал екендігін анықтау қарапайым халыққа күш. Сондықтан да мұндай мәселеде еліміздегі тамақ өнімдерінің халал-харамын анықтаушы орталықтарына сүйенгеніміз жөн. Мәселенкі, қазіргі таңда елімізде ҚМДБ жанынан ашылған «Халал Даму» мекемесі қарқынды жұмыс атқаруда. Одан қала берді «Халал индустриясы» да осы бағытта жұмыс істеп келеді.
Алла Тағала тәуфиқ-ихсан нәсіп етсін!
Абдусамат Қасым