Мектепке ұшақ әкеліп, оқушысының тілегін орындады (ФОТО)

0

Түркияның Измир қаласындағы Гүзелбахче елдімекенінде бір мектептің директоры оқушыларға «Жаңадан ашылған мектебімізден не көргілеріңіз келеді, не қалайсыздар?» деген сұрағына «Мектеп ауласынан ұшақ көргіміз келеді!» деген бір оқушының арманын орындады.

Мектеп директоры Оғызхан Өзкаяның айтуынша, оқушының меселін қайтармау үшін біраз зерттеу жүргізіп, ұшақ іздеген. Соңында тауып, оқушының тілегін орындаған. «Оқушыларымнан біреу Ататүрік әуежайында А310 маркалы ұшақтың пайдаланудан шыққаны жайлы мәлімет әкелді. Біз де бұған қатысы бар адамдармен байланысқа шықтық. Ұшақ миллиондаған жолаушыларды тасыған, соңында жүк тасымалы қызметі үшін қолданылған екен. Бізге бұл ұшақты қалай алып кету жайлы ақыл-кеңестерін айтып, жәрдем етті. Біз де ұшақты 15 шақты жүк көлігімен 5-6 күнде Измирге алып келдік», ­– дейді мектеп директоры.

Ұзындығы – 47 метр, ал қанатымен есептегенде ені – 44 метр болатын ұшақ 5 мың шаршы метрлік мектеп ауласын алып жатыр. Қазіргі уақытта ұшақ сынып ретінде оқушылардың пайдалануына берілді. Ішіне 20 шақты компьютер мен жиһаздар орнатылып, бүгінде робототехника, информатика және ағылшын тілі сабақтары өтіп жатыр.

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұшақтың бір бөлігін кітапханаға арнап, кітап оқуға ыңғайлы жағдай да жасаған.

Тіпті, оқушылардың сабақты көңілді бастаулары үшін де ұшқыштар отыратын бөлмеге ұшақ симуляторын да орнатқан. Оқушылар осы симулятор ойыны арқылы Измирді бір айналып келіп сабақтарына кіріседі.

«Шамамен 750 оқушы ұшақта робототехника, информатика және ағылшын тілі сабақтарын өтіп жатыр. Балалар ағылшын тілі сабағының да ұшақта өтуін қалады. Біз де бұған жағдай жасадық. Балалар ұшақта сабақтарын өте көңілді өткізеді. Тіпті, үзілістерде ұшақтың алдындағы кезекті көрсеңіздер!..», – дейді мектеп директоры.

«Мектебімізде ұшақ барын айтып, басқа балаларға мақтанатын болдық. Басқа мектепте оқитын немере бауырыма мектебімізде ұшақ барын айтқанымда еш сенбеді, кейін көзімен көріп қатты таң қалды. Ұшақта сабақ өте қызықты әрі көңілді өтеді», – дейді бесінші сынып оқушысы Елифсу Башкөй.