мейірімді қала» жобасы жүректерге жылу сыйлады (ФОТО)
Қылышын сүйретіп қыс келгелі Астана жұртшылығының қарбаласы көбейе түсетіні белгілі. Сақылдаған сары аяз бен үскірік жел елді әбден әбігерге түсіріп, қала өміріне қатты әсерін тигізіп жататыны тағы бар. Әсіресе, соңғы күндері күшіне мінген Арқаның адуынды аязы мектептердегі сабақты тоқтатып, талай мекеменің мезгілсіз демалыс жариялауына мәжбүрлеп келеді.
Алайда, қаһарлы қыстың қарлы бораны мен ақшұнақ аязына қарамастан Астана қаласының қоғамдық жұмысы бір сәтке де толастамастан, халық игілігі жолында қалтқысыз жұмыс атқарып жүрген жандар да аз емес.
Осы орайда, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Астана қаласы өкілдігінің «Астана – мейірімді қала» жобасы іске қосылып отыр. Жоба аясында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері бүгін қала көшелерін аралап, қоғамдық жұмысшы қауымның жүректеріне жылу сыйлауға тырысты. Температура тілшігі 40 градустан төмен құлаған ауа-райында да өз жұмыстарын мүлтіксіз атқарып жүрген жандарға мешіт имамдары ыстық тамақ пен сусын таратып, демеу сөздерімен жандарын жылытты.
Айта кетейік, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы негізінде «Астана – мейірімді қала» жобасы қыс бойы жалғасатын болмақ. Бас мешіттен бастау алған мейірімділік акциясы алдағы күндері Астана қаласының барлық мешіттерінде жалғасын тауып, жан жылуымен бөліскен жандар көбейе бермек. Осы орайда, қала мешіттеріндегі күнделікті уағыз-насихат барысында да имамдар мешіт жамағатын мейірімділікке үндеп, аязды күндері айналамыздағыларға жанашыр болуға шақырып келеді.