Мәуліт мерекесі жайлы түсінік

0

Барша мұсылмандардың асыға күткен қасиетті Мәуліт мейрамы тойлануда. Аталмыш мерекенің мән-мағынасы, оны атап өтудің түп төркіні жайында қысқаша түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын.

Жалпы Мәуліт мерекесінің маңызы  не? Алдымен осы сұрақтан бастайық. Адамзат әбден азғындап, имансыздықтың қараңғылығына оранған сол бір кезеңде Жаратқан Жаббар Иеміз өзі сүйіп жаратқан адам баласына соңғы елшісін жіберді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) дүние есігін айқара ашқан «Рәбиул-әууәл» – көктем айларының алғашқысы, қайта жаңарудың белгісі болған ай еді. Бейне бір қыстан кейін адамзаттың қайта тірілуін көрсеткендей. Оның дүниеге келуі бүкіл жаратылысқа мән сыйлап, болмысын ашып берді. Күллі әлем оның келуін сағына да сарғая күткендей болатын, сондықтан ақырғы елшінің үмбеті болған біздер үшін оның туған күнінің де мән-мағынасы зор. 

Кейбір кісілер аталмыш мейрамды бидғатқа санап жатады. Осыған орай Мәуліт мерекесінің шариғи үкімдері туралы айтар болсақ, діни үкімдер Құран мен хадистен алынады. Ал Құранда немесе хадисте мәулітті атап өтуге тыйым салынған аят немесе хадистің жоқ екені мәлім. Олай болса, мәулітті тойлау «бидғат, харам, адасушылық» деудің ешқандай да негізі жоқ. Қайта мәулітті атап өтуге болатындығын көрсететін негіздерді көптеп табуға болады.  Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім Исламда «сүннәту хасана», яғни жақсы жол, жақсы бастама жасаса, оған соның (ізгі бастама көтергенінің) сауабы әрі одан кейін сонымен амал еткендердің сауабындай сауап жазылады. Олардың сауабынан ешбір нәрсе кемімейді де»,– деген.  Егер бір нәрсе діни негізге сүйеніп, шариғаттың ешбір қағидасына қайшы келмесе әрі діни тұрғыдан бір пайда тигізер болса, ол жақсы бидғат болып саналады. Сондықтан мәулітті атап өту шаралары да осындай «хасана», яғни жақсы сүннет деп түсінгеніміз жөн болады.

Осы орайда жалпы, Мәуліт мерекесі қай кезеңнен бастап тойлана бастағаны туралы да айтып өткеніміз жөн.  Мәулітті атап өтудің негізінде Пайғамбар(с.ғ.с)-ға деген сүйіспеншіліктің жатқаны аян. Алғашқы үш ғасырда (сахаба, табиғин, атбағут-табиғин) Мәулітті ресми түрде тойлау әдеті болмаса да, мұсылмандар жыл санауды белгілеуге қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың туған күнінің де болуы, сахабалар арасында осы күннің ерекше болғандығын көрсетсе керек.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дан дүйсенбі күні ұстайтын ораза жайлы сұралған кезде, Ол(с.ғ.с): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», – деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туған күнін атап өткен. Кей ғалымдар осыған сүйене отырып, мәулітті атап өтуді ең алғаш бастаған Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың өзі дейді.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың Рәбиул-әууәл айының 12-сінде туған күнін атап өту әдеті Адамзаттың мақтанышының шыр етіп дүниеге келген үйінде басталған. Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың Меккеде туған үйін «Мәулидун-Нәбии» деп атаған. Сонау ерте замандардың өзінде қажылық пен ұмраға келгендердің Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі мен сағынышының белгісі ретінде осы үйді зиярат етуге ағылып келулерінен Мәуліт мейрамының ең алғаш атап өтілген жерінің осы жерден басталғанын көреміз. Адамдардың көптігіне байланысты келгендердің дұға-тілектерін жасауына ыңғайлы болуы үшін Аббаси халифасы Харун Рашидтің анасы әл-Хәйзуран Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың осы туған үйін жөндеп, мешітке айналдырған, сондықтан мәуліттің мереке ретінде атап өтілуінің хижри екінші ғасырда басталған десек артық айтқандық емес. Ал мәулітті ресми түрде тойлау Фатимилер мемлекетінде Муиз Лидинилләһ билік басына келген кезеңнен (972 ж.) басталады. Ал халықтың жүрегінде ол сонау ерте кезден-ақ басталған болатын.

Мәулітті тойлау жөнінде ислам ғұламалары не дейді деген сұрақ біздің алдымыздан көп кездеседі. Негізінен мәуліт шаралары үмбеттің жүрегінде Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-ға деген сүйіспеншілік сезімін жаңғыртуда.  Ғұламалар: «Мәулітті атап өту – Алла Елшісін (с.ғ.с) күллі ғаламға рақым ретінде жібергені үшін Алла Тағалаға деген  шүкіршілік болып табылады» , – дейді.

«Ибраһим» сүресінің 15-аятында  «Аллаһтың күндерін еске сал» деген аятты негіз етіп ала отырып,  Пайғамбарымыз(с.ғ.с) осы аяттағы «күндерді» «Алла Тағаланың сыйы мен нығметтерінің ең мол болған күндері» деп тәпсірлеген. Ал Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-дың дүниеге келген күні – нығметтердің ең үлкені дейді ғұламалар.

 Мәуліт мерекесінде, мәуліт жырлары оқылатыны белгілі. Әлбетте мәулітті тойлауға болатындығын білдіретін дәлелдердің бірі – мәуліт кештерінде оқылатын мәуліт жырлары. Ал оның негізі «алтын ғасырдағы» қасидаларға дейін барады. Ардақты Пайғамбарымыз(с.ғ.с) өзін мақтап, мадақ айтқан ақындарға қарсылық танытпаған. Тіпті оларға ризашылығын білдіріп, сый-сыяпат беріп отырған. Мысалы, Зухайр деген сахаба «Бәнәт суаду» деп аталатын өлеңін Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-ға оқығанда, ол кісі ерекше толқып, үстіндегі «бүрдә» деп аталатын шапанын шешіп, Зухайрдың иығына жапқан екен.  Осыған орай әлгі өлең «Қәсидәтул-бүрдә» деген атпен танымал болып, одан кейінгі Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-ға арнап өлең жазғандарға әсер еткен. «Алтын ғасырда» Пайғамбарымыз(с.ғ.с)-ды мадақтаған өлеңдердің арасында әлі күнге дейін мұсылмандардың арасында кең тараған, сүйіспеншілікке толы туынды – «Тәләал-Бәдру аләйнә» деп басталатын өлең-жыр.  Міне, мұсылмандар арасында мәуліт оқыту «алтын ғасырдағы» «шуараун-нәби», яғни «Пайғамбар ақындары» деп аталған Кағб ибн Зухайр, Хассан ибн Сәбит, Абдуллаһ ибн Рауахалардың Пайғамбарымызды мадақтауы әрі Пайғамбарымыздың оларға қарсылық білдірмеуімен үйлесуде.

Міне, мәуліт мейрамының мән-мағынасы, оны атап өтудің түп төркіні жайында қысқаша түсінік осылай болмақ.

Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. 

Жолдас Қоспақұлы,

ҚМДБ-ның Павлодар облысы

 бойынша өкіл имамы