Күйеуіңіз ренжіте берсе… / Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

0

Отбасылық өмірде әйелге ең үлкен ынта беретін нәрсе – өзін ерінің жақсы көретінін сезіну. Ер адамның ынтасын көрсетілген құрмет пен өзін қажет адам ретінде сезіну арттырады. Осы айтылған нәрсе екі жақта да жауапкершілік сезімін оятады. Отбасылық өмірде кездесетін қиын белестерді оңай бағындыруға күш береді және екі жақты да қарым-қатынас тұрғысынан тез дамытады. Әйел қарым-қатынас тұрғысынан ілгерілеген сайын сезімге қарағанда ақылға көбірек жүгінуді үйренеді. Әсіресе ерінің алдында өзін үнемі көңілді ұстауға тырысады. Өйткені әйел табиғатында ерінің көңілін өзіне аудару мақсатында мұңайған кейіп танытып, шағымданатын әдет бар. Бұл қайталана берсе, ер кісіге ауыр келеді. Себебі ер адам жұмыстан шаршап келгенде, әйелінің күлімдеп қарсы алғанын қалайды. Сол арқылы шаршағаны басылады.

Бір-бірінің көңілін таба білу бақытының дәмін татқан ерлі-зайыптылар қиындыққа төзімді келеді.

Есте сақтаңыз:

– Оттың лаулап жануы үшін үнемі отын салып тұру қажет, әйтпесе оттың жалыны азайып, соңында бықсып өшеді де қалады. Ерлі-зайыптылар да бір-біріне көңіл бөлуді басты назарда ұстамаса, жалыны азайған от секілді арадағы махаббат та бірте-бірте өше бастайды.

Неге ренжіте береді?

Адам мінезі түрлі болып келеді. Біреулер тез ренжігіш болса, енді біреулері басқаны ренжітіп қоя береді. Басқаны ренжітіп қоя беретін адамдар ішінде өз ісінің парқына бара бермейтіндер де бар. Ондай адам алдындағы кісіні ренжітіп қойғанын өзі де байқамайды. Көп отбасылық проблеманың туындауына негізгі себептің бірі осы. «Өзара жарасып кете алмадық» дейтіндер өздері білмесе де негізінен осы мәселені меңзейді.