көркем амал, берік бірлікпен көріктенеді

0
184

Қазақта «имандай сену» дейтін сөз тіркесі бар.  «Иман» сөздікте «бір нәрсеге сену, растау, қабыл ету, шын жүрекпен мақұлдау» деген мағыналарды білдірсе, дініміздегі терминдік мағынасы – «соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) Алла Тағаладан әкелген үкімдерін мойындап, шүбәсіз қабыл алып, оның рас екендігіне жүрекпен сену».

Иман деген кезде алдымен ойға пайғамбарлар оралады. Себебі, елшілік қызмет атқарған барша пайғамбарлар адам баласын жалғыз Аллаға сыйынып, құлшылық қылуы үшін таухид (бірлік) дініне шақырды. Құранда былай делінеді:

وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ فَمِنْهُم مَّنْ هَدَى اللّهُ وَمِنْهُم مَّنْ حَقَّتْ عَلَيْهِ الضَّلالَةُ فَسِيرُواْ فِي الأَرْضِ فَانظُرُواْ كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الْمُكَذِّبِينَ

«Расында әр үмметке: «Аллаға құлшылық қылыңдар, бұзықтардан аулақ болыңдар» дейтін елші жібердік. Олардың кейбіреулерін Алла оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзінде кезіңдер де жасынға шығарушылардың не болғанын көріңдер» («Нахыл» сүресі, 36-аят).

Тағы бір аятта былай келеді:

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولٌ

«Әр үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).

Міне, аяттардан байқағанымыздай, сонау Адам (ғ.с.) атадан бастап соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) дейінгі бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде бір сенімге үндеген. Өйткені, адамдар өз ақылымен Жаратушының бар екендігін білсе де, Алланың ұлы сипаттарын түсіне алмайды. Дұрыс жол көрсетіп, ақиқатты адамдарға көрсету және дүние мен ақыретте бақытқа жетудің жолдарын нұсқау үшін Алла Тағала кезекпен-кезек пайғамбарлар жіберген. Олар да ғұмыр бойы адасқан жүректерге тура жол көрсетер иләһи міндеттерін орындады. Үнемі халыққа айтқан насихаты мен көрсеткен жолы бір жерден үндесе шығып отырды. Пайғамбарлардың сардары әрі соңғысы болған сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алдыңғылар көрсеткен жолды жалғап, күллі үмметті бір Аллаға ғана итағат етуге (бойсұнуға) шақырды.

 Тіпті, Жәбірейіл періштенің адам бейнесінде келіп, пайғамбарымызбен жүздесіп, дінді сахабаларға үйретуі таңғаларлық оқиға. Онда иман мәселесі де қозағалады.  Бұл хадис  Жәбрейіл періштенің адам кейпінде келіп, исламды, иманды және ихсанды сұрау арқылы пайғамбар тілімен сахабаларға дінді үйреткендіктен «Жәбрейіл хадисі» деп аталып кеткен. Сол хадистен үзінді келтірсек: «…Сонан соң ол: «Енді маған иман жайынан хабар берші», – деді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Иман дегеніміз – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің», – деді.

Ол тағы да: «Сен рас айттың» – деді».

 Мұнан иманның адам өмірінде ерекше орны бар екенін тағы байқауға болады. Сондықтан әрбір мұсылман баласы төмендегі иман негіздерін қамтыған «Әмәнтуді» жүрегімен қабылдап, оны жатқа білуі тиіс.  

آمَنْتُ بِاللهِ وَ مَلَئِكَتِهٍ وَ كُتُبِهِ وَ رُسُلِهِ وَ اْليَوْمِ اْلآخِرِ وَ بِالْقَدَرِ خَيْرِهِ وَ شَرِّهِ مِنَ اللهِ تَعَالَى وَ اْلبَعْثُ بَعْدَ اْلمَوْتِ حَقٌّ  اَشْهَدُاَنْ لآ اِلَهَ اِلاَّ اَللهُ  وَ اَشْهَدُ اَنَّ مُحَمَّداً عَبْدُهُ وُ رَسُولُهُ

Мағынасы: «Мен Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін».       

Данышпан Абай атамыз:

«Алланың өзi де рас, сөзi де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас,

Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi,

Алланы танытуға сөзi айрылмас», – деп жырласа енді бір өлең жолында:

«Әмәнту айтпаған кісі бар ма,

Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» – дейді. Абай атамыздың осы сөздерінен  ата-бабаларымыздың ұстанған жолы хақ болғаны, сенімі шүбәсіз болғанын көреміз.

Ислам дінінің кең байтақ қазақ даласына келгеніне де ХІІ ғасырдан асты. Сонан бері ата-бабаларымыз ғасырлар бойы құлшылық-ғибадат ережелері бойынша Әбу Ханифа мәзһабын,  наным-сенім тұрғысынан Матуриди мектебін мықтап ұстады. Осындай берік тұтқаның арқасында бабаларымыз ұлтты ұйытып, халықтың береке-бірлігін кіргізді. Ежелгі Сығанақ, Тараз, Отырар секілді қалалардан шығып, білімімен әлемді тамсандырып, ұрпаққа рухани мұра қалдырған көптеген ғұлама бабаларымыздың ұстанған жолы осыған дәлел.

Ислам қандай таза дін болса,  оны тұтынған мұсылман да сондай кіршіксіз болуы тиіс. Ал оны көркем амалымызбен, нық сенімімізбен және берік  бірлігімізбен дәлелдей білуіміз керек. Әрбір ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Сол үшін ата-ана «Сақтансаң, сақтаймын» қағидасына берік болып, ұрпақ болашағына, ұлт келешегіне бүгіннен алаңдағаны жөн.

Әлбетте, Ислам діні тек сүйсіндіретін, қуантатын дін?!  Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қорқытпаңдар сүйіншілеңдер, ауырлатпаңдар жеңілдетіңдер», – дейді.  Сондықтан да әрбір мұсылман баласы дінін дұрыс ұстана отырып, көңілге дақ түсірер өзгенің жат сенімінен сақтануы тиіс.

 

Әділ Райымбек

(Шарбақты ауданының бас имамы)