Константинополь қалай тізе бүкті? / Төреғали ТӘШЕНОВ

0

Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында туыс ел – Түркия Ыстамбұл (бұрынғы Константинополь) қаласын жаулап алуының 563 жылдығын дүркіретіп тұрып тойлады.

1600 жыл бойы үздіксіз астана болған, Римнің, Шығыс Римнің және Осман империясының астанасы ретінде дәуірлеген Ыстамбұл шаһарының Еникапы алаңына әлемдегі ең үлкен фантастикалық сахна орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары жарқ-жұрқ еткен арнайы эффектілер арқылы Константинопольдің 1453 жылдың 29 мамырында қалай құлағанын тамашалады. 

2010 жылы Түркияда болғанымызда, Ыстамбұл қаласының орталығындағы «Панорама 1453» деп аталатын мұражайға кіріп көргеніміз бар. Осынау диаметрі 38 метр жарты шар пішінде жасалған мұражайға кіріп келгеніңізде, бірден майдан даласына кіріп кетіп, өзіңіздің далада, не ғимарат ішінде жүргеніңізді білмей, ғажап әсерге бөленесіз. Төбеге қарайсыз – ала шарбы бұлт басқан көгілдір аспан, айнала – қып-қызыл соғыс. Зіркілдеген зеңбірек үні, айқай-сүрен. Түрік сарбаздарының 1453 жылы Константинопольді басып алудағы шайқасы бейнеленген бұл алып қазандықтағы суреттерді сегіз суретші үш жыл бойы салған екен. Мұражай көлемі 2350 шаршы метрді құрайтын тек суреттерден ғана тұрмайды, ішінде суреттерді тірілте түсетін детальдар да орналасқан. Мәселен, зеңбіректер мен зеңбірек оқтары, дулығалар, қылыш, садақ, қалқан секілді дүниелер де қойылған. Бұл «Панорама» мұражайы 2007 жылы салынған. Османлы мемлекетінің 7-падишахы, 21 жасында Константинопольді алған Фатих Сұлтан Мехметтің бейнесін суретшілер білінер-білінбес бұлтқа жасырыпты. Бұлт ішіне жасырылған бұл суретті анықтап қарамасаңыз байқай алмайсыз. Қысқасы, елді отаншылдыққа тәрбиелейтін керемет рухты орын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Константино­поль міндетті түрде алынады. Оны алатын әскер қандай тамаша әскер, ол әскерді бас­қарған қолбасшы неткен жақсы қолбасшы»  дейді. Пайғамбарымыздың бұл мұғжиза сүйіншісі 8 ғасыр өткеннен кейін іс жүзінде орындалады. Пайғамбарымыздың (с.а.у. )сүйіншісі мен мақтауы Фатих Мехмет Сұлтанға нәсіп болған екен.

Ал негізінде Константинопольді жау­ламақ болған падишахтар көп болған. VII ғасырдың 30-жылдарынан бастап Византияға арабтар қауіп төндіреді. Араб­тар Византиядан оның ең бай жерлерін – Сирияны, Палестинаны, Жоғарғы Месопотамияны, Египетті тартып алады. Араб әскерлері Константинопольді бірнеше рет қоршап, шабуылдағанымен, оны басып ала алмайды. 

Түрік сұлтаны І Баязит та Византияны жаулап алмақ болған. Бірақ 1402 жылы үлкен әскерімен Кіші Азияға енген Ақсақ Темір әскері І Баязит әскерін 28 шілдеде Ангор түбінде талқандайды. І Баязиттің өлімі Константинопольді жаулауды аттай елу жылға шегеріп тастайды. 

Константинополь қалай тізе бүкті?

Константинополь – Босфор бұғазы жанындағы б.з.б. 680 жылы іргесі қаланған ежелгі грек қаласы. 324 жылы Рим империясының астанасы осы қалаға көшеді де, 330 жылдан бастап Константинополь атанады. Рим империясы екіге бөлінгенде оның діні және тілі де бөлінген. Батыста католиктер латын тілімен, Шығыста право­слав діні грек тілімен өркендейді. Грек-славян мемлекеті саналған Византия құрамына Балқан түбегі, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Египет, Киренаика, Месопотамия, Армения, Эгей теңізіндегі аралдар (Кипр, Крит, Родос, т.б.), Қырым түбегі кірген. Халқы гректер, сириялықтар, еврейлер, армяндар, грузиндер, тағы да басқалар) болған. VII ғасырға дейін латын тілі мемлекеттік тіл болған. Кейін оны грек тілі ығыстырады. 988 жылы Киев Русі осы Византиядан христиан дінін қабылдайды.

Сұлтан ІІ Мұраттың мұрагері сұлтан ІІ Мехмед Константинопольді 2 ай бойы 200 мың әскерімен қоршауға алады.Қаланы алу оңайға түспеген. Сұлтан Мехмет Еуропа жақтан қорған болатын қамал сала бастайды. Қамал Босфор бұғазының ең тар тұсына – Азия құрлығындағы Баязит сұлтан кезінде салынған қамалға қарама-қарсы тұрғызылады. Осылайша, екі қамалдың арасын 660 метр ғана бөліп тұрады. Осындай тактикалық қадам арқылы сұлтан теңізден өтетін кемелерді толықтай өз бақылауына алады. Сұлтан бұдан бөлек түрлі санаттағы кемелер жасатып, флотты күшейтеді. Себебі, Константинополь – теңізді қала. Оған теңіз арқылы ғана жетуге болады. Сұлтан кемелерінің саны соғыс қарсаңында 400-ге дейін жетеді. Осылайша, Мехмет Фатих Константинопольді құрлық жағынан 250 мың әскермен, теңіз жағынан 420 кемемен қоршауға алады. Сұлтан Фатихтың тағы бір ғажайып әдісі – Эдирнеден Константинопольге дейін алпауыт зеңбіректерді (салмағы жүздеген тонна болатын бір зеңбіректі 100 өгіз сүйреген) тасымалдау үшін арнайы жол жасатады. Зеңбіректерді сүйреген өгіздер екі айға жуық мерзімде белгіленген жерге алып келеді.

Қаланың ең осал тұсы бұғаздың тар қолтығы еді. Алайда, ол жерге мық­ты қорғаныс жасалған. Кемелердің жақын­дауына мүмкіндік бермейді. Атырапты жіті зерттеген сұлтан мен әскери қолбасшылар бетпе-бет келмей айналып өтіп, бүйірінен шабуылдамақ болады. Бірақ бұл үшін кемелерді құрлықпен тасымалдау қажет. Бұл бұрын-соңды қолданылмаған әскери әдіс еді. Жаудың ешбір күдігін тудырмау үшін шайқас әдеттегідей жүріп жатады. Түн ішінде құрғақта зәйтүн майымен майланған ағаш бөренелер үстімен дөң­ге­лете отырып 70 кемені тасымалдап өтеді. Күн қылау берген шақта қаланың қабырғасына оқ жетердей жерде жетпіс кеме шайқасқа дайын тұрады. Темір сауытпен қапталған және жақсылап суланған терілермен жабылған үш деңгейлі жылжымалы шағын қамалдар жасалынады. Ең жоғарысында садақшылар бекінген. Олар қамалдағы жауға оқ жаудырып, мұсылман әскерінің қамал қабырғасынан өтуіне жағдай жасады.

Бұл шайқаста бірқатар жерден қалаға алып кіретін жерасты жолдары қазылады. Шешуші шайқас басталар күні сұлтан әскерге жан-тәнін тазартып, намаз оқуды, дұға-тілек жасап, қосымша құлшылықтар арқылы жүректерін тазалап, жеңіс тілеуге үндейді. Сол күні қала мен оның маңайына жаңбыр жауды дейді. Мұсылмандар мұны жақсылықтың нышаны деп қабыл алады. Ғұламалар да Бәдір шайқасы күні жаңбыр жауғанын айтып, жігерлендіріп тастайды. 

Сонымен көптен күткен шешуші шайқас басталады. Осман әскері бекітілген жоспар бойынша бір мезетте құрлық және теңізден қатар шабуыл жасайды. Византияның соңғы императоры Константин XI Палеолог (1444-1453) осы шайқас үстінде қаза табады. Қала тұрғындарының басым көпшілігі Айя София шіркеуін паналап, жан сақтамақ болады. Мұсылман әскері қаланың солтүстік мұнараларына туын тігіп, қалаға мұсылмандар енгенін білдіреді. Қала толығымен мұсылмандар қолына өткенде, шаһарға Мұхаммед Фатих сұлтан кіреді. Сұлтан өз қолбасшылары мен әскеріне тұрғындарға қарсы қылыш көтеруге қатаң тыйым салып, халыққа жұмсақтық танытуды әмір етеді. Сұлтан Мұхаммед атынан түсіп, екі дүние сұлтаны хабарлап кеткен қолбасшы болуды маңдайына бұйыртқан Жаратушыға шүкіршілік етіп сәжде етеді. Одан соң Мұхаммед Фатих Айя София шіркеуіне бет алады. Жұрт қатты үрейленеді. Алайда, сұлтан халыққа тынышталып, ешбір нәрседен қауіптенбей үй-үйлеріне қайтуды әмір етеді. Халықтың мұсылмандар жер бетіне зұлымдық тарату үшін, қантөгіс үшін келмегеніне, исламның иләһи дін екеніне анық көздері жетіп, өздерінің мұсылман болғандарын жариялайды. Ал Сұлтан өз дінінде қалатындарға ерік беретінін айтып, мейірімін білдіреді. 

Шығыс Рим империясы немесе Визан­тия империясы (325-1453) Кон­стан­­тинопольдің құлауымен өмір сүруін тоқтатты. Юстиниан дәуірінде (532-537 жылдары)салынған қаладағы әулие София соборы сұлтанның негізгі «Айя Суфия» мешітіне айналдырыл­ды. Константинополь – Ыстамбұл деп аталып, Осман империясының астанасы болды. Қазір Түркияның ең ірі қаласы әрі рухани астанасы саналады. 

Ыстамбұл алыс келешекте тағы да жаулана ма?

Константинопольдің түріктермен жаулануынан бөлек, алыс келешекте тағы да жаулануы мүмкін бе? Мүмкін деседі Пайғамбарымыздан жеткен хадиске сүйенушілер. Константинопольдің бұл жаулануы әлі болған жоқ, оны имам Тирмизи былайша жеткізіпті: «Константинопольдің жаулануы Қиямет күнімен бірге болады», яғни, оған өте жақын қалғанда. Осы хадистен соң имам ат-Тирмизи өзінің ұстазы Махмуд ибн Гаялянның мынандай сөздерін келтіреді: «Бұл қала Даджалдың пайда болу кезінде жауланады». 

«Әбу Хурайра Алла елшісінің былай айтқанын келтірген: «Сендер жарты бөлігі – құрғақта, ал жартысы — теңізде тұрған қала туралы естідіңдер ме? «Ысқақтың жетпіс мың ұрпағы олармен шайқаспайынша, ал олар жақындағанда, қару алып шайқаспай әрі садақ оғын шығармай, былай айтады: «Алладан басқа құлшылық етуге лайық ешкім жоқ, Алла ұлы!». Сонда қаланың жартысы тізе бүкпейінше, қиямет күні болмайды».

Бұған түсінік берушілер Ысқақ ұрпақтары деп кімдердің ескерілгендігі анық емес деп көрсеткен, өйткені ромеилер әл-Айса ибн Ысқақтың ұрпақтары деп саналады. Мүслімнің «Сахих» қолжазбаларының кейбірінде «Исмайылдың ұрпақтары» деп көрсетілген, сонда бұлардың арабтар болғаны. Имам Ибн әл-Касир ромеилердің көпшілігі исламды қабылдайтындары ескерілгендігін көрсеткен, мүмкін нақ солардың өздері қиямет күніне таман Константинопольді жаулап алатын шығар.  Міне, хадиске сүйене отырып әр дәуірде осындай болжамдар айтылған. Әрине, оның бәрі Алла Тағалаға ғана белгілі.

 

islam.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз