КӨКІРЕКТЕГІ ҚАҒБА

0

Яссы шаһарының байы жарты малын шығындап, Меккеде қажылық парызын өтеп келген еді. Келесі жылы тағы қажылыққа баруды ойға алды. Әзірет Сұлтанға келіп:

-Тақсыр,биыл тағы қажылыққа барсам ба деп едім. Батаңызды алайын. Қағбаны жеті айналып, Ібіліс малғұнға тас атайын,-деді.

Қожа Ахмет:

-Батамды бердім.Барсаң жолың болсын, Қызыр ата жолдасың болсын.Сөз жоқ қағбаға зиярат ету парыз. Қанша барсаң сонша сауап. Бірақ бір нәрсені қаперде ұста. Меккедегі қағбадан бөлек тағы бір қағба бар.Ол да назарыңнан тыс қалмасын,-деді.

-Ол не қағба? Бұрын неге естімедік?-деп бай таң қалды.

-Ол -жүрек. Меккедегі қағбаны Ыбырайым пайғамбар ағаш пен тастан тұрғызды. Көкіректегі қағбаны Алла құдірет өз қолымен соқты. Мұсылмандар меккені жылына бір рет зиярат етеді. Ал жүректегі қағбаға «Кім келер екен?» деп Ұлық Алла күніне үш жүз алпыс рет назар салады. Әзіреті пайғамбарымыз «момынның жүрегі-Рахманның үйі»деген. Сондықтан көкіректегі қағбаны күн сайын зиярат етуге әдеттен. Ал ібіліске тас атқың келсе ол Меккеде емес, жүрегіңде отыр.  Сахарда тұрып жүректегі малғұнның басына тас ат,-деді.

Яссауи Феномені кітабынан алынды.