Кешіру де зор сауап

0
140

Сахабалардан Әнас (р.а.) әңгімелеуде:
Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғанбыз. Әлден уақытта тісі көрінетіндей ғана сәл жымиды. Себебін сұрағанымызда былай түсіндірді:
О дүниеге барғанда үмметімнен екі кісі Алла Тағаланың құзырына әкелінеді. Біреуі екіншісін көрсетіп:- Уа, Раббым, менің мына пәленшеде кезінде ақым кеткен, сол ақымды алып бер,- деп өтінеді.
Алла Тағала: – Ей, пәленше, ақысын өзіне қайтар,- дейді.
Жеген ақысы үшін өз сауаптарынан бөліп берген екіншісі:- Я, Алла Тағала! Менің сауаптарымнан ештеңе қалмады ғой?- дегенде Аллаһ тағала бірінші адамға:- Қарашы, мынаның сауабынан дым қалмады, бұған не дейсің?- деп сұрайды. Сонда бірінші адам:- Олай болса менің күнәларымнан өзіне алсын,- дейді.
Дәл осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыздың көзі жасаурады. Сөйтті де: «Ол күн – аса бір зор күн болмақ. Адам өз күнәсінің алынғанын қалайды» деді де сөзін ары қарай жалғастырды:
Сол кезде Алла Тағала ақысы кеткен адамға:- Басыңды көтер де Жұмаққа қара!- деп дауыстайды. Сонда бірінші кісі:- Я, Алла Тағала! Алтынмен апталған, күміспен күптелген, жібекпен тоқылған небір сән-салтанаттарды көріп тұрмын. Бұған қай пайғамбарлар мен әулие-шейіттер ие?- деп сұрайды.
Алла Тағала:
– Бұлар маған өтемін төлегендер үшін,- деп жауап береді.
– Бұлардың өтеуін қайтіп төлейді?- деп сұрайды адам.
– Қаласаң бұған сен де ие бола аласың,- деп жауап береді Алла Тағала.
– Қалайша?- деп таңырқайды адам. Сонда Алла Тағала:
– Сен егер ақың кеткен қасыңдағы мына жолдасыңды кешірер болсаң,- деп жауап береді.
– Олай болса мен оны кешірдім,- деп жауап береді әуелгісі.
– Ендеше жолдасыңды ал да, екеуің де Жұмаққа барыңдар!- деп бұйырады АллаТағала.
Сөйтті де Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Алладан қорқыңдар! Алладан  қорқыңдар да араларыңды түзеңдер! Қараңдаршы, Алла Тағаланың өзі мүміндердің арасын жарастырып тұрған жоқ па?!»,- деді