«Кей намаздан, бей намаз артық» деген сөз рас па?

0
390

Сәлеметсіз бе! Құрметті Адина, намаз оқымай жүргеніңізге іштей қынжылуыңыз имандылықтың белгісі. Иманды жанға амал парыз[1]. Сол себепті, көп созбай бірден намазыңызды бастап кетіңіз.

«Кей намаздан, бей намаз артық» деген сөзге келер болсақ, ол – қате сөз. Намаздан мүлдем қол үзіп кетуге болмайды. Асылында, екеуі де дұрыс емес. Намазды екі-үш күнде бір оқып, намазға салғырт қарау қаншалықты күнә болса, намаздан ұзақтап «бей намаз» атану да соншалықты күнә. Намазды қолдан келгенше уақтылы оқуға тырысып бағу парыз. Ал уақтылы оқи алмаған жағдайларда, үйге келіп қазаларды өтеп тұру керек. Оқылмаған намаздың орнын, тек қазасын өтеу арқылы ғана толтыруға болады.

Мұсылман адам намаз бен өзінің арасындағы байланысты үнемі сақтап жүруі ләзім. Намаз – дінінің тірегі. Яғни, намазы жоқтың тірегі жоқ деген сөз. Ондай адам бара-бара діннен ұзақтап, ақыр соңында тек «мұсылман» атауы ғана қалады. Бұхар жырау айтқандай: «Діл мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда».

Алла жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей!

Абдусамат Қасым