Ит төбелестіру мен оған ақша тігудің діндегі үкімі қандай?

Әссәләмуғалейкум! Айтыңызшы, ит төбелестіру мен оған ақша тігу харам болып санала ма? Тарқатып түсіндірсеңіз! Сәуле
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Шафиғи ғалымы Имам Нәуәуи (р.а.) былай деген:
«Хайуандарды бір-біріне айтақтап төбелестіру — харам саналады. Өйткені, Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Хайуандарды бір-біріне айтақтап, өшіктіруден Алла елшісі тыйды»[1].
Ал, харам болуының мәнін хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді:
«Тыйымның себебі – құр ермекке жануарларға жапа шектіріп, оларды бостан-босқа қалжырату болып табылады»[2].
Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне талаттырып қою, осылайша оларға азап шектірудің күнә екендігі даусыз. Ал, оған ақша тігу немесе өз-ара ақшаға төбелестіру – құмар ойыны болып есептеледі. Сондықтан, ол да харам[3]. Ханафи ғалымы Халил Ахмәд әс-Сәһәринфури жоғарыдағы хадиске жасаған түсіндірмесінде былай деп өткен:
«Хайуандарды төбелестіру – еріккендік болғандықтан әрі жануарларға жапа шектіріп, олардың өліміне алып келетіндіктен тыйым салынып отыр. Бұнымен қатар, екі жақты ақша тігілетін болса, онысы құмар болмақ»[4].
Абдусамат Қасым