Ілім үстемдігі бәрінен жоғары

0
196

Алла Тағаланың Құранда түсірген бірінші аяты اقْرَأْ  «Оқы!» деп келеді, сондықтан Ислам дінінде оқуға, білім алуға  үлкен мән берілген. Сондай-ақ Құранда ілім алуды насихаттайтын көптеген аяттар кездеседі, солардың бірі:

«Алла иман еткендерді көтереді. Ал ілім берілген мүминдерді (жаннатта) қат-қат дәрежелерге көтереді.» (Мужадәлә 11)

«Оларға айт, білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма? Білетін адам әлбетте қадірлі.» (Зумәр 93)

«Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімді шыңдай отыру керектігін ескерген Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадистері де жетерлік. «Ілім үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз.» (Бәйһақи)

«Бесіктен мазарға дейін ілім үйренуге тырысыңдар!» (Шира) «Ілім менің және басқа да пайғамбарлардың мирасы. Кім маған мирасшы болса, жаннатта менімен бірге болады», «Алла масқара қылғысы келген құл ілім мен әдептен махрұм қалады» деп, адамзатты білім алуға үгіттеген. «Әбу Дарда р.а : «Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдыңөзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» – деген»

Ислам дініндегі  кітап оқып, ілім алуға деген орнын келесі тарихи деректерден көруімізге болады:

Х-XII ғасырларда Ислам әлемінде ғылым-білімнің шарықтап дамуымен кітап шығару ісі өркендеп, кітапханалар саны көбейді. әл-Мәмун дәуірінде (786-833) Бағдатта «Бәйтүл-хикма» (Даналық үйі) атты алғашқы кітапхана әрі обсерваториялар салына бастады. Бір Бағдат қаласының өзінде 36 кітапхана жұмыс істеген деген деректер кездеседі. Ең соңғы кітапхана он мың том кітабы бар уәзір Ибнул-Алқамаға тән болған. Бірақ бұл кітапхана да 1258 жылғы монғол-татар шапқыншылығы кезінде қиратылып, Отырар кітапханасының кебін киген.

Харұн Рашид дәуірінде араб тарихшысы Омар Уақидидің (736-811) жеке басында жүз жиырма түйеге жүк боларлық кітабы болған. Көне мәліметтерде Александрия кітапханасында 900 000 (тоғыз жүз мың) том қолжазба сақталғандығы айтылады.

Бұл кезде мұсылмандардың мәдениет ошағы болған Андалусияда әл-Хакам атты халифаның кітапханасында 600 000 (алты жүз мың) кітап болса, ал одан төрт ғасыр кейінгі Еуропаның өзінде «Білімпаз Чарлз» деп аталған Франция королі V Чарлздың кітапханасы небәрі 900-ақ (тоғыз жүз) еңбектен аспаған.

XI ғасырда Фатимидтер билеушісі Махмұддудәулә ибн Фатих еді. Ол медицина, математика және пәлсапа ілімдерін үйреніп, өзі де сол салаларда көп қалам тербейтін. Ибн Әби Ұсайбия: «Ол көп жазатын. Өз қолымен жазған көп еңбектерін таптым», – деген. Махмұд ибн Фатихтың жинаған кітабының есебі жоқ еді.

Әрине, бұл тек қысқаша мәлімет қана, Ислам әлемінде ғылым мен өркениеттің шарықтау шегіне жеткен одан да көп деректер кездеседі.

Сахабалар мен әулиелердің білім алуға үндейтін сөздерін де еске түсірейік. Хазреті Лұқман Хаким баласына былай деді:

«Ғалымдармен отыр, хикмет иелерінің сөздерін тыңда! Алла Тағала көктем жаңбырымен топыраққа өмір бергеніндей, өлі жүректерді хикмет нұрларымен тірілтеді».

Хазреті Әли былай деген:

«Ілім мал-мүліктен қайырлы, өйткені мал-мүлікті сен қорғайсың, ал ілім сені қорғайды. Мал-мүлік жұмсаумен азаяды, ал ілім жұмсау арқылы көбейеді.»

Имам Ғазали хазреттері де, «Адамның басқа махлұқтардан үстемдігі ілімде, күш-қуатта емес. Өйткені түйе адамдардан күштірек. Үстемдік ірілік тұрғысынан да емес. Өйткені піл адамдардан ірі. Батылдық тұрғысынан да емес. Өйткені арыстанның батылдығы адамдікінен көбірек. Көп жеуде де емес. Өйткені бұқаның қарны адамның асқазанынан үлкенірек. Сондықтан ілім үстемдігі өте жоғары қасиет» деген.

Ілім алу тал бесіктен жер бесікке жеткенше парыз амал екенін естен шығармауымыз керек.

 

(Тарихи деректер Қ.Бағашар «Ислам және өнеге» еңбегінен алынды)