Ілияс Жансүгіров діни білімді кімнен алған?

0

Алаш арыстарының қай-қайсының өмірбаянын аша қалсаң, бәрінің де діннен сауаты барына көзің жетеді. Баршасының діннен кем дегенде «әліпті таяқ деп білетіндей» сауаты бар. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білгенін оқығанда да таңғалмасқа шара қалмаған еді. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлиндердің Алашқа ерен еңбек етулерінің де түбінде діни сананың жатқандығы ма дейміз… Себебі, діни сана Алланың алдында есеп барын еске салып тұратын жалғыз ғана қозғаушы тетік. Осы сана ғана ақыретіңде орып алатын астығыңды бұл дүниеде еккізетін. Сол үшін де Кеңес үкіметі әуелі қазақтың діни санасына балта шаппақ болды. Бұл санаға бүгінде де қажеттілік туындап тұр. Дінсіз қоғам азғындыққа бір табан жақын тұратынын еш ұмытпауымыз керек. Қазақ сол үшін баласының, ең құрығанда, Құран оқырлық сауатын ашатын болған.

Ілияс Жансүгіровтің те мұндай медреседен өткенінен көбіміздің хабарымыз болмауы мүмкін. Өзінің «Өмірбаяным» атты естелік жазбасында Ілияс Жансүгіров былай дейді:

«Жансүгір… әкем. Көзі тірі. Жылы — жылан. Биыл 71- де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. Намазды «дұрыс оқырлық» мұсылманшасы бар. Ескі пікірлі адам.

Менің жылымды «жылқы» дейді. Онысы 1894 жыл болады. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күніңді, сағатыңды қайдан табарсың! Анамды аз білем, 4 жасымда жетім қалдым.

Шүу дегенде әліп-биден әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиектің жік-сүресінде сүйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді.

Оқудан мақсат — «бұ дүние үшін қолында қой-серкешіктің қаты болса, о дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса» — сол еді…».

Ілияс Жансүгіров өзінің жазбасында қазақ байларының да оқу-ағартуға, халықты сауаттандыруға ерекше ден қойғандығын да ерекше атап өтеді:

«Ел ішінде сауда — көтерме капитал орыс, ноғай, сарт саудагерлері арқылы тарады. Қала қазаққа несие беретін. Жаз жиып алатын. Олардың жидашылары, несиешілері — қазақ болатын. Кейін осындай жидашы, несиеші қазақтардан өздері сауда жүргізіп, байып кеткендері болды. Ондайдың бірі — Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы. Бұлар саудаға айналысыпты. Елдің қойына, тай-тайыншасына, тіпті «қызыл қозыға» ақша науа алады. Әр аулының әр адамының оборотқа айналдырған сомасы молайды. Қала-қаладан дүкендер ашты. Қырға қыдырма шығарды. Жердің тәуірін иеленіп, көк төбелі үйлер салды. Дуан ұлықтарын, ояз тілмашын қолына алып, бірі болыс, бірі би, бірі «жұрт ақсақалы» болып, ел ішінің билеу тәртібінің тізгінін қолына ұстады. Бұлар әрі далаша — бай: аузы дуалы, аталы, жуан ауыл. Ас-сулы малды ауыл. Қара бауыр, қоңсы, құл-құтан, қойшы-қолаңшысы көп болады. Жаз жайлау шығады. Салқынбел, Сарытауға, Мұзбалаққа, Ақтастыға ақ жұмыртқадай ордаларын жайып тастайды. Әрі қалаша — саудагер, байбатша. Қала байлары не қылса, соны қылады. Бұлар капиталмен қазақ ортасына өзгеріс кіргізгені сияқты, тәрбие, салт-сана жөнінен де өзгеріс кіргізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқыттырды. Бұхара, «Шәріптен» оқып шыққан Қасен молда деген шала қазақ молда «Сүттіген» деген жердегі Тұрысбек аулында имам екен. Мені осы Қасенге әкем әкеп бергені, жаңылмасам, 1910 жылдың мөлшері. 15-16-ның бірінде шығармын.

Мұнда бір ай жарымдай-ақ оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып, ауылға кеттім. Оқығаны құран — «Шәротсала» деген арабтың намаз жайын үйрететін бір кішкене кітапшігі еді. Бұлар кейін татардың жәдитін ұстап, онан кейін қазақтың мұғалімдерін ұстап, жаңа мектеп салып, төңірекке недәуір білім-оқу таратуға ошақ болды».

Міне, осынау шағын ғана жазба сол кездегі қазақтың діни ахуалынан мол хабар беруде.

Сұлтан КЕРІМ

Дереккөз: http://kazislam.kz/