Есенберлин тек Қонаевтың қолдауымен танылды ма? / Марфуға ШАПИЯН

0

10-қаңтар белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туған күні болса, 12-қаңтар аты аңызға айналған қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келген күні. Ел ішінде де, жазушылар арасында да бұл екі тұлғаның бір-бірімен дос болғаны, Қонаевтың Есенберлин кітаптарының жарық көруіне, әдеби ортада көтерілуіне көптеп көмектескені жиі айтылады. Анығында қалай болды? Есенберлин тек Қонаевтың қолдауымен танымал болды ма? Екі тұлғаның достығы қалай басталды? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

 Қос тұлғаның алғашқы таныстығы

         Әдеби ортаға алғаш қадам басқан жылдары тау-кен саласының маманы Ілияс Есенберлиннің жазғандары жиі сынға ұшырады. Тарихи тақырыптарға барғаннан кейін айыптау тіпті үдеп, «ұлтшыл», «кертартпа» деген секілді «атақтар» таңылды. Алайда адамдар қанша айыптаса да Есенберлиннің артында Қонаев тұрғанын білетін, сәл де болса аяқ тартатын.

Сөйтсек, бұл екі тұлғаның таныстығы әріден басталады екен. Ол туралы Есенберлин жайлы естелігінде Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов былай жазады: «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Ілекеңді жас кезінен білетін көрінеді. Екеуінің мамандығы — тау-кен инженері. Қонаев отызыншы жылдардың ортасында түсті металдар институтын Мәскеуде бітірсе, Есенберлин одан сәл кейінірек Алматының политехникалық институтында оқыған. Ілекең студент кезінде өндірістік практиканы сол кезде Балқашта бас инженер боп жүрген Димекеңнің қол астында өткізеді. Сонан кейін де, соғыстан кейін де араларындағы қатынас біразға дейін үзілмеген. Соғыстан соңғы жылдары Қонаев Министрлер кеңесі төрағасының өнеркәсіп жөніндегі орынбасары боп жүргенде, Ілекеңнің де Орталық Комитеттің өнеркәсіп бөлімінде қызмет атқарғаны бар. Бірақ елуінші жылдарға келгенде бұлардың жолы екі айырылды. Қонаев қызмет бабында басқыштап жоғары көтерілгенде, Есенберлин қуғынға ұшырап құлдырайды. Содан екеуі көп жыл көріспей кеткен. Қонаев кейін Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда да, намысқой Ілекең оның алдына жәрдем сұрап бара қоймайды.

Содан не керек, кездесудің сәті осы таяуда ғана түседі ғой. Онда да кездейсоқ жағдай көмектескен. Республика басшысы киностудияны көрмек болып аралап жүргенде, кенет Ілекеңді көріп қалып, өзі тоқтап амандасыпты.

– Ау, Ілияссың ба? Барсың ба бұл дүниеде? Өзің мүлде көрінбей кеттің ғой! – дейді Қонаев оның бас-аяғына барлай көз жіберіп.

– Ой, Димеке-ай, әңгіме көп қой!.. Қайсыбірін айтайын!– дейді Ілекең тар жерде артық сөзге бармай.

– Онда, маған бір келсейші. Әңгімелесейік,– дейді Димекең. Есенберлин көп кешікпей Қонаевтың қабылдауында болып, екеуі ұзақ әңгімелеседі. Осы отырыста Ілекеңнің болашақ қызмет орны да шешіліп қалып еді.

– Сен осы баяғыда филармонияны басқарған жоқ па едің? Артистердің жағдайына қанықсың. Опера театырына директор болып барсаң қайтеді?– дейді Димекең алғашында.

– Қыз-қырқынмен тіл табысатын баяғы заман өтті ғой!– деп Ілекең күлген көрінеді.– Жазған, жазайын деп жүрген дүниелерім бар. Маған одан да «Жазушы» баспасын беріңіз! – дейді қолқа салып. Шіркін, кейде шексіз биліктің де қажет болатын кезі бар-ау! Тілек екі қайталанбапты, сол сәтте-ақ төменгі жаққа бұйрық түсірілген». Осы оқиғаны тілге тиек еткен Қабдеш Жұмаділов Есенберлинің қызмет бабында да, жазушылық кәсіпте де көтерілуіне Қонаевтың тікелей ықпалы болғанын айтады.

         Ал Димекеңнің өзі жазушы досы туралы естелігінде: «Ақырын жүріп, анық басатып, артық сөзі, асылық ісі жоқ Ілекеңді мен ертеден білетін едім. Ол ұлы Отан соғысынан жараланып қайтқан бойда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қызметке араласты. Тау-кен институтын бітірген инженер болатын. Орталық Комитетте нұсқаушы қызметін атқарды да, мен

Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындалғанмын. Маған сыпайылығы ұнайтын. Кішіліктен емес, кісіліктен туған және екінің бірінен табыла бермейтін қасиет еді. Әдетте ақындар асау өзендей буырқанып, тасып сөйлейтін, тіпті арқаланып алса көтеріліп кететінін талай көрдік қой. Оларды табиғи ерекшелікке, кейде ерлікке жорып, көрсек те көрмегендей болатынбыз. Ілекең жұмсақ, өте қарапайым еді. Алғаш «Айша» деген лирикалық поэмасын оқығаным бар. Ұмытпасам, 1945 жыл шығар, кездесіп қалған бір сәтте:

– Мұхаңмен (Мұхтар Омарханұлы Әуезов) жүздесіп, сырласқалы бері әдебиеттегі жаңалықты құр жібермейтін ғадет пайда болған еді, Ілеке. Сіздің поэмаңыз маған қатты ұнады,– дедім.

Ілекеңнің екі бетінің ұшы дөңгелене қызарып, өзінің қолайсыздау сезінгенін байқатып алды. Мен екі-үш жас үлкендігіне басып:

– Мойын жар бере бермейді. Сіз қаламгерлермен жақын жүресіз. Жақсының парқын білесіз. Мүмкін болса, бізге қарайласа жүріңіз дедім.

Бар айтқаны мынау болды.

– «Менің шатпағым» туралы естігеннен гөрі, осы қолқаңыз әлдеқайда қанаттандырып отыр. Ықыласыңызға ризамын,– деді», – деп еске алады.

Міне, осыдан кейін Есенберлин мен Қонаев достығы нығайып жүре берсе керек. Жазушы басынан түрлі қиын-қыстау кезеңдерді өткергенде көмек қолын созған да осы Қонаев болатын. Бұл туралы қоғам қайраткерінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында егжей-тегжейлі баяндалады.

 

Қонаев Есенберлиннің жазушылығын ғана емес, кісілігін де ерекше құрмет тұтқан

Жазушылар түрлі алып-қашпа сөз таратқанымен Қонаев пен Есенберлин бір-бірін қатты сыйлаған, тіпті бір-бірінің сөзін жерге тастамаған. Жазушы Димекең туралы: «Көрнекті адамдар өз халқының бақыты немесе соры үшін туады деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы өз халқының бақыты үшін туылған, ол әрқайсымыз үшін өте қымбат. Әсіресе ол кім жиі тұңғиыққа тірелген болса немесе кімнің өмірі бір тал шашқа ілініп тұрған болса, соларға қымбат. Оның ең басты қасиеттері адам сүйгіштік, әділдік, істің мәнін терең түсінетіндігінде болып табылады. Терең ақылдылығы әрқашан оны өзгеше етіп көрсететін. Ол өзінің істерімен халықтың сүйіспеншілігіне бөленді, оның адал есімі әр уақытта қайырымды ұрпақтарының есінде қалады», — деп жылы лебізін білдірсе, Қонаевтың өзі жазушы досының кісілігінен бөлек, шығармашылығын да қатты құрметтейтінін білдіріп: “Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанмен, алыптың ісін тындырған азамат. Қырқыншы жылдардан бастап қалам ұстаған ол соңғы демі таусылғанша шығармашылық мұратына адал болды ғой деймін. Meн өзім Ілекеңнің «Қаһарын», «Алмас қылышын», «Алтын Ордасын», «Жанталасын» оқыдым. Обалы нешік, көбісін қолжазбадан оқып, солардың үлкен өмірге — ең әділ сыншысы халқына жетуіне, оқыған сайын Ілекеңнің өсу үстінде, шығармашылық биік белестерге көтеріліп келе жатқанына сүйсініп, дем бергеніне іштей қанағаттандырарлық сезімге бөленемін.

Қазір ғой, тарихымыздан қол үзіп қалдық, тосқауыл, торуыл болды, халқымыз «мәңгүрт» хал кешті деген сыңаржақ пікірлер жиі айтылады. Белгілі мөлшерде бұл жансыз, жалған деуден аулақпын, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны рас. Бірақ қазақ тарихын ғылыми шыншылдықпен, оқулық ретінде жазса тарихшыларымыз қайда қалған? Кімнің қолынан қағыпты? Тым байбалам салудың жолы осы екен деп, ауызды қу шөппен сүрте берген жараспайды.

Әйтпесе, Ілекең жазған осы тарихи романдар кезінде оқырмандардың да үкімет тарапынан да жоғары баға алғанын, 1968 жылдары — орталықтың қылышынан «қан тамып» тұрды деген кезде Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алып, түгелдей орыс тіліне аударылғанын неге ұмытамыз? Бұл кітаптарды қазақ халқының тарихы емес деп кім айта алағандай? Мәселен, «Алтын Орда» трилогиясын алыңызшы. Үшеуі де 1982-83 жылдары жарық көрді. XIII ғасырдың басынан бастап XV ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы, яғни екі жүз жылдан астам уақыт ішіндегі тарихи оқиғалар қамтылған бұл кітаптар өзінің құндылығын ешқашан жоймақ емес. Ол қалай жазылды деген сауалға жауап беру өз алдына бір мәселе, ал халқымыздың тарихын, оның нақтылы деректерді жинақтауға келгенде Ілекеңнің еңбегіне тек ризашылық сезіммен қарауға тиіспіз. Ілекеңнің өкшесін басқан інілері және тарихи шығармалары үшін кезінде лайықты бағасын алған М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Ә. Әлімжанов, Қ. Жұмаділов, Б. Жандарбеков іргелі елдің игерілмей жатқан тарихын көркем әдебиет арқылы шоқтығын көтерсе, оларға ұялы-ояу жүрген тарихшыларымыз тек алғыс айтқаны абзал. Әлбетте, Ілекең жайлы айтылар сыр аз емес. Соның ең бастысы, ол кісі пендешіліктен биік тұрған ірі тұлға. Сыртынан кім келіп, не айтпады. Ал Ілекең маған қанша келіп жүріп, бір адам туралы ғайбат айтпай кетті. Мен де пәленшекеңнің айтып жүргені не осы деп сұраған емеспін, ол кісі де түгеншекең мынау еді деп тіс жарған емес.

Meн Ілекеңнің ішкі мәдениетіне, жан дүниесінің тазалығына тәнті болушы едім. Ұлы суреткерлік те сол кәусар бұлақтай мөлдірліктен бастау алса керек. Ілекең – қазақ әдебиетіндегі халқы сусындар қайнар бұлақ. Бір жасы мың болатын, артында өлмес сөз, өшпес із қалдырған қаламгер», – дейді. Осы бір ауыз пікірдің өзінде екі тұлғаның да бір-біріне деген риясыз пейілін көреміз. Әрі кей қаламгерлер көлеңкесінен қорқып, тек партияның сөзінен аса алмай жүргенде Ілияс секілді жазушының тарихи тақырыпқа тайсалмай барған ерлігіне Қонаев берген жоғары баға да бар.

 

Сәбит Мұқанов Есенберлинді неге айыптады?

Жазушылар Есенберлинді өз ортасына жылы қабылдай қоймағанын жоғарыда айттық. Оның тіліне тиісіп, ең аяғы романдарын да өзі жазбағанға шығарды. Тарихи туындыларынан кейін оны «ұлтшыл» деп, кітаптарының басылмауына барын салғандар тіпті көбейді. Жазушы Бекежан Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы» атты кітабында сол уақытта көзі тірі ардагер жазушы Сәбит Мұқановтың Жазушылар одағының жиындарының бірінде сөйлеген мынандай сөзі беріледі: «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Әуезовтің пьесасымен үндес екен. Кітап біршама жаман жазылмаған. Кенесары бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар, күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болуы керек. Оның ісі, әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал біздің Орталық Комитеттің қолдауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз. Әрине, ескіні жазуға мен қарсы емеспін, бірақ хандық құрылысты мадақтаудың қаншалық қажеті бар еді. алықтардың арасын ашып, араздастырған, тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды. Бұл кітап жастарға керісінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі. Жазушының жалпы тарихқа көзқарасы дұрыс емес. Ал бұл жақсылыққа әкелмейді, зиянын тигізеді. Сіз инженерсіз. Тарихтан гөрі өзіңіз жақсы білетін өндірісті жазбайсыз ба. Ханның сізге керегі не?» – деп ерекше түйіледі.  Ал «Қаһардың» жарық көруіне баяғы аға-досы Қонаев жәрдем еткені белгілі. Димекеңнің осы бір ерлігі болмағанда «Қаһар» кітабы ешқашан шықпас еді. «Қаһар» жарыққа шықпаса, «Алмас қылыш» пен «Жанталас» жазылмас еді. Онда біз атағын аспандатып жүрген «Көшпенділер» трилогиясы тумас еді, «Алтын Орда» трилогиясы жазылмас еді ғой. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың тілімен айтсақ, «қазақ әдебиеті гректердің «Илиадасы» мен «Одиссеясы» екі мәңгілік кітаптан мақұрым қалар еді. Димекеңнің Ілекеңе жасаған бұл ағалық қамқорлығының нәтижесі ұлттық мәдениетіміздің қазынасына қосылған баға жетпес байлыққа айналды».

        

Есенберлиннің Қонаев туралы жазған романы неліктен жарық көрмеді?

  1970 жылдардың бас кезінде Ілияс Есенберлиннің мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев туралы «Мұхиттан өткен қайық» атты роман жазғаны белгілі. Алайда кітап бірден қоғам қарсылығына ұшырады. Романда автор Алаш қайраткерлерін жағымды бейнеде көрсетіп, қазақ даласындағы ашаршылық пен тың игерудің теріс тұстарын суреттейді, бас кейіпкер Ахметжановтың прототипі Қонаевты «асыра мақтап», сол кезде билік басында отырған өзге партия басшыларын қатаң сынға алады. Әрине, осыдан кейін кітап жариялансын ба? Біраз жатып қалады. Кітапта баяндалған дүниелер туралы жазушының өзі:  «Мұхиттан өткен қайық» кітабын жазғанда мен бәрінен де бұрын өз заманымның адамдарының өмір тарихын анығырақ көрсеткім келген. Мен Дінмұхамед Қонаевтай мемлекет қайраткерінің дүниетанымы туралы, оның нақты істері туралы халқы білгенін қалап едім. Ал егер осы істері жақсы болса, онда не болады? Менің әдеби кейіпкерлерімнің прототипіне көңіл аударып олар мемлекет басшылары және сондықтан кітапты ұстап тұруы ақымақтық. Кітабымның мәні менің кейіпкерімнің өмірін жазумен байланысады. Әсемделген емес, тек олар іс жүзінде қалай болса, сол қалпында қалдыру. Бұдан не шықты? Осындай белгілеріне қарап сөгуге бола ма? Егер мен фактілерді коньюктерлік ойлаумен бұрмаласам, іс басқада. Кітапта бұл жоқ», – деп ақталады.

Кейін автор кітабына араша сұрап Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Қонаевқа да, Кеңес одағының басшысы Брежневке деп хат жазады. Қонаевқа 1978 жылдың 15 мамырында жазған хатында: « 1975 жылы мен «Мұхиттан өткен қайық» романын үлкен партия басшысы және мемлекет қайраткері туралы, оның туған Республикамыздың өсуіне оның мәдениетінің өркендеуіне, әдебиеті мен өңіріне қосқан үлесі туралы жаздым. Кітаптың соңғы түрі Қазақстанның КП ОК 1977 жылдың 11 қарашасында таныстырылған. Кітап Қазақстан Жазушылар Одағының үлкен талқысына салынып 18 адам сөз сөйлеген және редактормен жұмыс істеуге ұсынылған. Meн жағынан барлық ескертулер қабылданды. Қолжазбаларымда солармен сәйкес қайта жұмыс жасалды. Бірақ Қазақ ССР Мемлекеттік баспасөз комитеті мен «Жазушы» баспасының басшылығы Қазақстан КП ОК нұсқауынсыз кітапты жоспарға қоса алмайтындықтарын айтты. Құрметті Дінмұхамед Ахметұлы, менің кітабым маңызды мәлі меттердің қатарын қозғайды. Талқыға қатысушылардың көрсетке ніндей аса өзекті және керек кітап. Сондықтан Сіздің осы кітапты қазақ тілінде «Жазушы» баспасының 1979 жылғы тақырып жоспарына енгізуіме жәрдемдесуіңізді өтінемін», – дейді. Алайда, өтініші жүзеге аспады. Кітап баспа бетін көрген жоқ.

Сол уақыттағы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Саттар Имашев 1979 жылы «Есенберлиннің қолжазбасы туралы» атты еңбегінде: «Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды көрші республикаға беру экспериментін көрсеткен, ол біздің Одақтың мызғымас бірлігіне, халықтардың шынайы достығына күмән келтірген. Ұлтшыл-буржуазиялық «Алаш» партиясының тарихымыздағы орны мен бағасы дұрыс берілмеген. Оған қоса «Алаш Орда» әдебиетшілері А. Байтұрсынов пен М.Жұмабаевты ақтауға тырысқан», – деп жазып, кітапты баспаға жіберуге болмайтынын айтып, бұл мәселеге нүкте қойды. Ал кейін Есенберлиннің кітабын баспаға жібермеген жанның бірі ретінде айыпталған ғалым Шериаздан Елеукенов: «Мені ОК-нің хатшысы Саттар Имашев шақырып алып: «Есенберлин Димекең жайында роман жазған екен, соған «шығармаймыз» деп жауап жаз», – деді. Негізі, «романды шығармаңдар»
деп тапсырма беріп отырған Қонаевтың өзі ғой. Әйтпесе, Қонаев жөніндегі романды шығармаймын деп Имашевтың өзі қайтып айтады. «Шығармаймын» деп мен қалай айта аламын? Қонаевтікі де дұрыс. Әйтпесе соның алдында ғана Қонаев туралы бір киножурнал шығып, сол жоғары жақта сөз болып, жаман болған. Мен «шығара алмаймыз» деп жазып бердім. Бұл жайында Ілияс Есенберлиннің өзі де білетін», – деп ақталады. Ақыры не керек, кітап сол күйі баспа бетін көрмейді. Мұны Қонаевтың өзі тоқтатты ма, жоқ өзгелер кедергі болды ма, бұл жағы беймәлім. «Мұхиттан өткен қайық» арада 30 жылға жуық уақыт өткенде, яғни 2001 жылы ғана жеке кітап болып басылып шығады.

Міне, ұлт үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей қызмет еткен қос тұлғаның достық тарихы осылай…