Дінтану ғылымының қалыптасуы
Дінтану ғылымы алғашында философия, тарих және дін ілімі ықпалымен дамыған. Ал қазіргі уақытта дінтану ғылымы зерттеу тақырыбына байланысты түрлі ғылыми пәндер кешені ретінде танылады.
Кез келген ғылым даму сатысында өз тарихына үңіледі. Дінтану ғылымы да бұл ерекшеліктерден тысқары қалмаған. Әрбір ғылым өз тарихынан ажырамауы керек, бұл зерттеушілерге пікір мен ақпараттар алмасуға мүмкіндік береді. Кейбір зерттеушілер дінтану ғылымы қазіргі кезеңдегі өзекті сұрақтарға нақты жауап бере алмайды деп санаса, кейбір ғалымдар бұл пікірмен келіспейтіндігін білдіреді.
Шығу тегі ежелгі философия өкілдерімен байланысты басқа ғылыми пәндермен салыстыра келе, дінтану ғылымының қалыптасуын 1870 жылдың 19 ақпанымен сәйкестеген жөн. Оның негізін қалаушы Фридрих Макс Мюллер – Лондон королдік институтында әлемдік діндер негіздерін салыстырмалы түрде зерттеуге бағытталған дінтанулық дәрісті оқыған ғалым. Кейінірек бұл дәріс атақты «Дін туралы ғылымға кіріспе» еңбегіне енген.
Макс Мюллер діндермен тереңірек танысу мақсатында жаңа ғылым құруды жөн санаған. Ол кезеңде теориялауды ғана емес, каталог жасауды, арнайы анықтамалар құруды талап ететін эмпирикалық материалдар молынан жинақталған болатын. Сонымен қатар, дінтану сол кезеңдерде «әлемнің бейнесін анық сипаттайтындай» болғанымен, сол «бейнені» дұрыс тәртіппен орнықтыру құралы болмады. Сол себепті, бұл міндетті жүзеге асыру академиялық талаптармен жүйелеу қажеттілігін туындатты.
Дінтанудың дамуындағы маңызды кезең діни жүйенің өзі болып саналды. Полемикалық діни ілімнің дамуы христиан және ислам дін ілімдері аясында ауқымды база қалыптастырды. Діни конфессиялардың өз ілімдерін тарату бағытындағы іс-әрекеттері болашақ әдістер мен құралдардың негіздерін қалыптастырды. Көптеген католик және мұсылман дін қызметкерлері күнделіктер жүргізіп, атқарған жұмыстарының есебін жасады, аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен дін ұстану ерекшеліктеріне бақылау жасады. Бұл тәжірибе дінтану ғылымында, әсіресе, антропологиялық діндерде бүгінгі күнге дейін қолданысқа ие болып келеді.
Дінтану ғылымында адамның діни өмірі басты назарға ие. Оны зерттеу секулярлық дәуір феномендерін (жаратылыстану ғылымында қарастырылатын құбылыс немесе оқиға феномен ретінде түсіндіріледі) қарастыру жолдарын осы кезеңде қайта пайымдауды талап ететін белгілі бір қиындықтар тудырады. Діни сенім діндердің өз ішінде түрлі ағымдардың араласуына алып келетін трансформацияға ұшырайды, осы секілді діндер үшін қаржы мәселесі бірінші орынға шығады. Бұл діни ахуалға талдау жасауда, оны болжауда жекелеген қиындықтардың тууына негіз болады.
Дінтану саласында болашақ елеулі серпілістерді феноменологиямен, герменевтикамен, әлеуметтанумен, діндер антропологиясымен байланыстырады. Бұл ғылым салалары қазіргі шынайы өмір арқылы нақты феномендерді мейлінше тереңірек тануға мүмкіндік беретін бағыттар ретінде дінтану саласында өзіндік маңызға ие. Дінтану өзінің ғылыми теорияларын қалыптастыру барысында әлемдік біртұтас құбылыстардан алшақ кете алмайды. Дінтану ғылымы әрбір діни жүйенің зерттеуге күрделі феномен екендігін мойындауы қажет. Бұл әлеуметтік өмірдің ғылыми объективтілігін түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дінтану ғылымы зерттеу тақырыбын тарихи-мәдени тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік беретін қолжазба, кітап, мәтін түріндегі нақты материалдарды қолданудың маңыздылығын назарға алуды талап етеді.
Дінтану ғылымы қоғам мен мемлекеттің дүниетанымдық сұраныстары нәижесінде қалыптасты. Мысал ретінде кейбір елдерде ғылыми-философиялық әдістердің орнына саяси секуляризм феномені қолданылғанын айтуға болады. Бұл дінтану ғылымын субъективті көзқарастармен шектей тұрғанымен, оның дамуына да белгілі бір дәрежеде ықпал етті.
Қазақстанда қалыптасқан ғылыми дәстүр ерекшеліктері дінтану пәнінің дамуына өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Еліміздегі дінтану ғылымы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қабырғасында «Дін және еркін ойлау» мамандығы ашылған 1992 жылдан бастау алады. Қазақстанда дінтану бакалавры мен магистранттарын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдер және іскерлік карьера университеті дайындайды. Ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті әзірге бакалавр мамандар даярлаумен шектелуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеттерінде дінтанудың PhD докторын дайындау бағдарламасы іске қосылған.
Өзара пікірлесу және ғылыми зерттеу нәтижелерімен алмасу алаңына айналған «Дінтанушылар форумы» негізінде жүргізілетін жұмыс та маңызды болып табылады. 2011 жылдан бері Қазақстандағы діндерді зерттеу саласындағы өзекті проблемаларға өзіндік ықпалын тигізген осындай төрт форум өткізілді.
Қазіргі кезеңдегі отандық дінтануды зерттеудің ерекшелігі XVIII ғасырдан тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдегі діни дәстүрлер феноменін ұғынумен байланысты дамуда. Діндерді рухани мәдениет феномені ретінде қарастыру, діни қауымдардың өзара толерантты қарым-қатынастарын және Қазақстандағы дінтанулық білімді дамыту бағыттары ғылыми зерттеу тұрғысынан танымалдыққа ие болып отыр.
Дінтанудың ғылыми пән ретінде қалыптасқанына 148 жыл толған бүгінгі кезеңінде дінтану ғылымы ой еркіндігі, ғылыми әдеп және зерттеушілік ізденіске негізделе дамытылғаны жөн деген пікірдеміз.
Тимур КАСТУГАНОВ,
ҚР МСМ Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының ғылыми қызметкері
Дереккөз: http://kazislam.kz/