ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ – «РИЯ» ҮШІН ЖАСАЛҒАН АМАЛ

0
160

Қоғамда қалыптасып қалған дәстүрлі діни құндылықтар жүйесін мойындамау арқылы, оларға қарама-қарсы, агрессивті «идеяларды» насихаттауды мақсат тұтатын діни экстремизм дерті баршамызды алаңда-татыны сөзсіз.
Діни экстремизмнің не-гізгі мақсаты – өз дінінің көш-басшылығын мойындау және өз-ге діни конфессиялар өкілдерін, өзінің діни-сенім жүйесін мәжбүрлеу арқылы, жаншу. Шек-тен шыққан экстремисттердің мақсаты – халқының барлығы бір діни заңға негізделген мемлекет құру болып табылады.
Дәл қазір осы діни экстремизмнің айқын мысалы ретінде, Сирия мен Ирак жерінің бір бөлігін басып алған содырлар құрған «Ирак және Шам ислам мемлекетін» атауға болады. Бұл азаматтар жаулап алған жерлерінде өзіндік «Ислам халифатын» жариялады.
Ал осы «Ислам халифаты» деген сөзді естігенде көзіңізге не елестеді? Таяу Шығыста орын алған әскери іс-қимылдар, жаппай кісі өлімі, бетін тұмшалап алған баскесерлер ме? Әлде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезіндегі және одан кейінгі әділетті төрт халифаның заманы ма? Өкінішке орай, көп адамның көзіне бірінші көрініс елестейді.
Неліктен олай? Оған жауап ретінде, өздерін шариғат заңдарымен өмір сүретін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған «жалған халифат» өкілдері өздерінің іс-әрекеттерін барынша жариялауға, әлемге паш етуге асығуы. Ал бұл дегеніміз рияшылдықтың белгісі. «Рия» дегеніміз – құлшылықты Алланың разылығы үшін емес, өзін көрсету мақсатында ғана жасауы. Адамдар менің жасап жатқанымды байқасын, көрсін, мақтасын деген ниетте жасалатын амал.
Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады» («Ниса» сүресі, 142-аят).
Бұл тек намазға қатысты айтылған сөз емес. Діндегі барлық құлшылық түрлері мен өзге амалдарға да қатысты сөз.
Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:
– Сендер үшін ең қатты қорқатыным – ширки асғар (кіші ширк), – деген.
Одан:
– Ол не нәрсе? – деп сұрағанда.
– Көзбояушылық (рия), – деп жауап берген екен.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен басқа бір хадисінде мына жайт баяндалады: «Қиямет күні алғаш шақырылатындар: қари (Құранды жатқа оқушы), Алла Тағала жолында құрбан болған адам (шейіт) және мал-мүлкі көп дәулетті кісі. Алла Тағала қариға:
– Мен саған Елшіме түсіргенімді үйреттім бе? – деп сұрайды.
Қари:
– Иә, Құдай Тағалам, – дейді.
– Сол үйренгендеріңмен қандай амал жасадың? – деп Хақ Тағала қайта сұрайды.
Қари:
– Мен күндіз-түні дамылсыз оны оқитын едім, – дейді.
Алла Тағала:
– Жалған айтасың! – дейді.
Періштелер де оған:
– Жалған айтасың! – деп дауыс көтереді.
Алла Тағала оған:
– Сен керісінше, «Пәленше Құран оқиды, қари!» десін деп оқыдың және ел арасында осылай айтылды да, – дейді.
Сосын дәулетті кісіні шақы-рады. Алла Тағала:
– Мен саған дәулет берген жоқпын ба? Тіпті көп бергенім сонша, сен ешкімге мұқтаж болмадың, – дейді.
Дәулетті адам:
– Иә, Құдай Тағалам, – дейді.
– Саған бергендеріммен қандай амал жасадың? – деп сұрайды Алла Тағала.
Әлгі адам:
– Ағайын-туыстарыма, жақындарыма қол ұшын беріп, садақа таратып едім, – дейді.
Алла:
– Сен «Пәленше неткен жомарт!» десін деп жасадың. Ел арасында да осылай аталып, дегеніңе жеттің, – дейді.
Сосын Хақ Тағала жолында шейіт болған адам шақырылады.
Алла Тағала:
– Не үшін өлтірілдің? – деп сұрайды.
Әлгі адам:
– Сенің жолыңда жиһад ету – мойнымдағы борыш еді. Осылайша, мен өле-өлгенше Сен үшін соғыстым, – дейді.
Алла Тағала оған:
– Жалған айтасың, – дейді.
Періштелер де:
– Жалған айтасың, – деп дауыс көтереді.
Алла Тағала оған:
– Сен керісінше «Пәленше қаһарман!» десін деп ойладың. Ел арасында да осылай айтылды.
Осы кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасындағы Әбу Һурайраның (р.а.) тізесін жаймен қағып: «Ей, Әбу Һурайра! Міне, осы үш адам – қиямет күні жалын атқан Жәһаннамға тасталатын Алла Тағаланың үш пендесі», – дейді».
Жоғарыдағы хадистерден көріп отырғанымыздай, рия жа-саған адамның Қияметте күні қараң болып, Алланың қаһарына ұшырайды екен. Ал енді ойланып көрейікші, «Ислам халифатының» қазіргі жасап жатқан амалдары қандай болмақ? Олардың жасап жатқан зұлымдықтары былай тұрсын, сол іс-әрекеттерін ғаламтор желісі арқылы барша әлемнің назарына ұсынуы дәл осы рия үшін жасалған амал емей немене?
Біріншіден, өздерінің әскери дайындықтарын көрсетіп, әлем жұртшылығына қорқыныш ұялатуға тырысып бағуда.
Екіншіден, содырлар өздерінің жасаған қиянаттарын видеоға түсіріп, ғаламторға салады. Ал ғаламтордағы кез келген мәлімет әлемнің түкпір-түкпіріне көзді ашып жұмғанша жететіні баршамызға мәлім.
Үшіншіден, басып алған жерлерінде шариғат заңын орнаттық деп, өзіндік «қылмыс» жасағандарды діни үкімдер бойынша жазалап, жұртшылық назарына ұсынуда.
Олар осының барлығын Алла разылығы үшін істейміз деп жар салуда. Бұл өтірік. Олардың көздегені мүлдем басқа нәрсе. Ойланып қараңыз, белгілі бір мерзім аралығында, ИШИМ содырларының қолдарынан қаншама мың адам өлді, қаншама мың адам босқын атанды, Сирия мен Ирактағы көне тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер жойылды?
Жақында ғана «Ислам хали-фатының» содырлары ежелгі Пальмираны басып алып, кейбір деректер бойынша 400-ден астам бейкүнә жанды қырып салды. Олардың көбі әйелдер мен балалар.
Осының бәрі Алланың разылығы үшін бе? Бос сандырақ. Олар шынымен де Алла разылығы үшін өмір сүріп, Алла жолында күрескісі келсе, бұндай зұлымдықтарға бармас еді.
Мұсылмандар қашан да Алла Тағаланың ризалығы үшін амал қылып, барынша ықыласпен құлшылық жасауы қажет. Мәшһүр Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «Фиқһул-Әкбәр» атты кітабінда: «Егер Алла үшін істелген бір амалға рия араласса, онда сол рия істелген амалдың сауабын жояды», – десе, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға айтқан сөзінде: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Алла тағала үшін!», – дегенін ұмытпайық, ағайын.

 

Жұманазар Садырханов