БҰҰ Уақытша күштерінің шығыс секторында Қазақстан туы желбіреді
Астана. 15 қараша. KAZISLAM – Ливандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Уақытша күштері құрамында қызмет ететін «БҰҰ көгілдір каскасы» қатарын Қазақстаннан барған 120 бітімгер толықтырды. Оның миссиясының басты міндеті — Ливан-Израиль шекарасын бақылау және Ливандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау. «БҰҰ жаңалықтарына» сұхбат берген БҰҰ жанындағы Қазақстан тұрақты өклідігінің әскери атташесі, полковник Ерұлан Ақылбаев бітімгерлерді қалай дайындайтындығы жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Ливандағы БҰҰ Уақытша күштерінің шығыс секторында Қазақстан туын көтеру шарасы өтті. Біздің контингент мандаттық комиссияның өте қатаң іріктеуінен өтті. Олар жақсы дайындалған кәсіби әскери қызметшілер», — деді әскери атташе. Ерұлан Ақылбаевтың атап өтуінше, әскери қызметшілерге талап өте қатаң. Олар өте жақсы базалық дайындықтан өтіп, физикалық және психологиялық тұрғыда да сау болуы тиіс. БҰҰ-ның барлық процедуралары мен стандарттарын, тәртіпке қойылатын талаптарды білулері қажет.
«Қазақстандық білімгерлер БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік орталықтар өткізетін курстардан дайындықтан өтті. Біздің өзімізде де Құрлық әскерлері әскери институтының «Бейбітшілік үшін серіктестік» атты оқу орталығы бар. Әскери қызметшілеріміз тек қана Қазақстанда емес, сонымен бірге Үндістанда да үнділік бітімгерлермен бірлесе отырып дайындалды», — деді ол.
Сонымен қатар әскери атташе қазақстандық әскери қызметшілер орналасқан жерге және қызмет барысына оң баға берді. Айта кетейік, бітімгершілік операцияларға қатысу кезеңінде әскери қызметшілер Қорғаныс министрлігінің бюджеті есебінен үш реттік қаражатпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, БҰҰ жіберуші контингентке БҰҰ-ның Бас ассамблеясы бекіткен мөлшерлемелер бойынша шығындарды мемлекетке қайтарады. Бұл айына әскери қызметшіге жұмсалатын 1428 АҚШ долларын құрайды. Әр әскери қызметшіге қосымша ретінде күніне 1,28 АҚШ доллары мөлшерінде тәуліктік қаражат, миссияда өткізген әр 6 айға ұсынылатын 15 күндік демалыс үшін күніне 10,5 АҚШ доллары мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.