Босқындар қысты шатыр астында өткізуге мәжбүр

0

Астана. 15 қаңтар. KAZISLAM – Ливанның Арсаль қаласындағы лагерьде шатыр астында өмір сүріп жатқан 60 мыңға жуық сириялық босқынның тағдыры жыл санап қиындап жатыр, деп хабарлайды Ansar.ru.

Босқындар лагеріне келіп түсетін гуманитарлық жүк көлемі бұрынғыдан айтарлықтай азайған. Бұдан бөлек бірнеше күннен бері аймақты қалың қар басты. Ливан лагерінде он мыңдаған сириялық босқын балаларымен бірге қыс құрсауын шатыр астында өткізуге мәжбүр болып отыр. Арсаль муниципалитет басшысы Басил Хаджири Сирияда соғыс басталғанға дейін қаладағы халық саны 40 мың адам болғанын айтады. 2011 жылдан бері мұнда келушілер легі азаяр емес.

«Арсалдағы сириялық босқындар саны бір кездері 120 мыңға жетті. Муниципалитет тіптен жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан босқындарды аймақтарға тараттық. Қазіргі уақытта біздегі босқындар саны – 60 мың адам» дейді Хаджири.

Айта кетсек, босқындар қаланың ішкі аудандары мен маңында орналасқан 126 лагерде тұрып жатыр.








Дереккөз: http://kazislam.kz/