Босқындар киімдерін жағып жылынуға мәжбүр
Астана. 26 желтоқсан. KAZISLAM – Түркия шекарасында лагерьді паналаған сириялық босқындар суықта үсіп қалмасы үшін қолда бар жанатын заттарды, тіптен киімдерін жағып күн көруге мәжбүр.
Еске салсақ, осымен сегізінші жыл қатарынан он мыңдаған босқын лагерьлерде өлместің күнін кешіп келеді. Биыл гуманитарлық ұйымдар лагерьдегі босқындардың 20 процентін ғана жылыту құралдарымен қамтамасыз еткен.
Лагерьде тұратын 43 жастағы сириялық Ум Ахмет қаржының жоқтығынан жағатын отын ала алмай отырғанын айтады. Оның айтуынша, көптеген босқындар жылыну үшін киімдерін де жағуға мәжбүр болған.
Ал Ахмет Абу Сүлеймен есімді босқын биылғы қыс өте суық екенін, соның салдарынан балалар жиі ауырып жатқанын хабарлады. «Бізде жұмыс жоқ. Пешке картон қағаздар, полиэтилен пакеттер мен пластмасса бұйымдарын жағып жатырмыз. Қатты қар жауған күндері жағатын ештеңе қалмай, балалар киімдерін де пешке саламыз» дейді ол.
Дереккөз: http://kazislam.kz/