БІР ЖАҚСЫ, БІР ЖАМАН
Сыр ақтарсам қазақтай іргелі елден,
Қойынына үлде мен бүлде көмген.
Жақсысы көп марқайтып, жан сүйсінтер,
Жаманы да, алайда, бірге келген.
Бір жақсысы — таниды бір Алланы,
Қаншама ақын Раббым деп жыр арнады.
Бір жаманы — сонда да құлшылық қып,
Елемейді бұйрығын Құрандағы.
Бір жақсысы — болса да талабы көп,
Бір жаманы — әлі де намазы жоқ.
Бір жақсысы — сүйем деп пайғамбарды,
Бір жаманы — сүннеттен хабары жоқ.
Бір жақсысы — Құранды төріне ілген,
Бір жаманы — оқымас оны мүлдем.
Бір жақсысы — біртұтас үмбетпіз деп,
Бір жаманы — келеді бөлінумен.
Бір жақсысы — пейілі аңқылдаған,
Бір жаманы — ісі жоқ қарқындаған.
Бір жақсысы — Құдайды жалғыз дейді,
Бір жаманы — ширктен тартынбаған.
Бір жақсысы — болса да діні күшті,
Бір жаманы — дос тұтар Ібілісті.
Бір жаманы — өзгеден айып іздеп,
Тек өзінің көрмейді мінін ішкі.
Бір жақсысы — жәннатқа кірем дейді,
Бір жаманы — нәпсісі жібермейді.
Бір жақсысы — тозақтан құтылам деп,
Бір жаманы — амалы түзелмейді.
Бір жақсысы — түзу жол табам дейді,
Бір жаманы — сонда да харам жейді.
Бір жақсысы — ниет бар оразаға,
Бір жаманы — жетпейді шамам дейді.
Бір жақсысы — бақытқа жетем дейді,
Бір жаманы — парызы өтелмейді.
Бір жақсысы — ниетті қажылыққа,
Бірақ, әттең, қалтасы көтермейді.
Бір жақсысы — десе де өлімді хақ,
Бір жаманы — күтпейді соны бірақ.
Бір жақсысы — терсе де сауапты көп,
Бір жаманы — тез оның төгілуі-ақ.
Бір жақсысы — ойлайды ел бүтіндігін,
Бір жаманы — нақты істі бітірді кім?
Бір жақсысы — берді Алла тәуелсіздік,
Бір жаманы — аз айтар шүкірлігін.
Таңы атқалы Исламның көп болмады,
Бір жақсысы — жақсы ғой жоқтан бары.
Болайықшы, бауырлар, екі өмірде,
Бір Алланың иманды хақ құлдары!
Ескендір ТАСБОЛАТ