Бесіктегі кезінен ораза ұстаған әулие

0

«Болар бала бесігінен белгілі» демекші, мәліметтерге қарағанда XI-XII ғасырларда өмір сүрген атақты сопы, әулие Абдульқадір әл-Гәйләнидің бесікте бөлеулі шағында Рамазан айында ораза ұстағандығы айтылады.

Абдульқадір Гәйләни хазреттің екі-үш айлығында анасы оның бойынан бір кереметті байқап, баласының болашақта тегін адам болмайтындығын білген. Баласынан екі-үш айлық шағында көрген бір кереметті анасы былай әңгімелеген:

«Ұлым бірнеше айлық сәби еді. Қасиетті Рамазан айы келген тұғын. Рамазанның бірінші күні таң атқаннан бастап, күн батқанға дейін еш сүт ембеді. Екінші күні де дәл сол жағдай қайталанды. Сосын ұқтым: Абдульқадір ораза тұтып жатыр екен» — дейді анасы.

Екінші жылы, (Рамазаннан бұрын келетін) Шағбан айының соңғы күндерінде аспанды қалың бұлт қаптап, түнде жұрт Рамазан айын көре алмады (Рамазан айының туған не тумағанын біле алмады). Осылайша Рамазан айының келген-келмегенін нақты біле алмай дал болды. Ертесі азанда кішкене Абдульқадірдің Рамазан айындағы кереметіне қанық ауылдастары бірден анасына келіп, оның сүт еміп жатқандығын не сүт ембей жатқандығын сұрады. Шынымен де, ол күні Абдульқадір таң атқаннан бастап сүт ембеген еді. Көп ұзамай бұлт та тарқап ол күннің Рамазанның бірінші күні екендігі түсінікті болды.

Кейіннен Абдульқадір Гәйләни бесіктегі кезінде ораза ұстағаны жөнінде мына бір-екі ауыз өлең шұмағымен өзі де тілге алып өтеді:

«Бастапқы кезім осылай еді, (ол кезім) ауыздан түспейтін
Бесіктегі кезімде аузым берік тұғын, оны бәрі білетін…».


А. Қасым, islam.kz