Басқа орамал тағу туралы нақты Құранда айтылмаған дейді. Осыған не дейсіз?
Бұрын Құран Кәрімді алғаш орыс тіліне аударған Иман Порохованың әйел адамның басқа орамал тағуы туралы Құранда нақты ешнәрсе жазылмағандығын айтқанын естіп едім. Өзім кейін Елбасының халыққа тартуы ретінде аударылған Құран Кәрімнің «Нұр» сүресіндегі мәтінді оқып екі ойлы болдым. Осы мәселені нақты айтсаңыздар. Динара Болат
Құрметті Динара, Құранда орамал туралы нақты айтылмаған деу бекершілік. Өйткені «Нұр» сүресіндегі әйел кісіге кімнің алдында шариғат шәлісін тақпауға болады деген мәселеге қатысты үкімді баян еткен 31-аятта:
«Сондай-ақ зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерлерін) көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және орамалдарын омырауларын жауып тұратындай етіп тақсын»,
— делінген. Аяттың арапшасында «وليضربن بخمرهن على جيوبهن» деп келеді.
Осы аяттағы «Хумур» сөзі, басқа таққан орамал болса, «Жүйюб» сөзі жағадағы ойықты айтады. Яғни, жағадағы ойықтың кеңдігі себепті кейде көкірек тұсы ашық қалуы мүмкін. Аят осыны да ескеріп, жабылуын әмір етті. Деректерге қарағанда бұл аят түспей тұрып, әйел кісілер бастарына орамал тағып, арт жағын салбыратып қояды екен де, мойны, көкірек тұсы және құлақтары ашық болады екен. Кейін аят аталмыш жерлер жабық болатындай етіп байлауды бұйырды[1].
Абдусамат Қасым