«Балам Сирияға біреулердің алдауымен кетті»

0

Астана. 10 қаңтар. KAZISLAM – Баласы Сирияда көз жұмған қарағандылық Ботагөз Мақатова баласының біреулерге алданып қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Ботагөз Мақатова баласы тірі кезінде онымен скайп арқылы сөйлескенін жеткізді. «Ұлым менен кешірім сұраумен болды. Өзі де жағдайдың сол арнаға бұрылатынын білмеген ғой. Баламды еске алған сайын көзімнен жас, көңілімнен зар төгіледі. Әрине, туғандарын сол жақтан күтіп отырғандармен ұлымды да күтер едім… Алайда ол енді қайтып келмейді. Қазір келінім мен немерелерімді ғана тосып отырмын», — деді ол ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ұлы ол жаққа соғысуға бармаған. «Оларға Ислам мемлекеті құрылатыны, бәрі де Шариғат заңымен реттелетіні туралы уәде берілген. Олар сол оймен кетіп қалды. Соғысуға бармаған. Барған кезінде қайда, не үшін тап болғанын бір-ақ білген. Әлбетте, өз отбасын да қорғау керек болды. Сол кезде бәлкім қолына қару алған да болар. Білместіктен, алданып кеткенін ескеру керек. 2012 жылы ұлым кеткен кезде 6 ай хабар болған жоқ. Баламмен сөйлескен кезімде ұлымның артында мылтығы бар адамдар тұрған. Одан кейін өздері үйренгесін бе, ақырындап, байланысқа шыға бастады. Әу баста сөйлесуге ешқандай мүмкіндік болмап еді. Немерелерімнің үлкені бесте, кішісі бір жарымда» дейді ана.








Дереккөз: http://kazislam.kz/