Балаға ақша жұмсауды қалай үйрету керек? / Ақжарқын ҚЫДЫРХАНОВА

- Жарнаманы баса кетіңіз -

“Түскі асыңа жұмса” деп ақша беру “есепсіз ақша беру” тәрізді пайдасыз. Екі жағдайда да бала ақшаны өздігінен жұмсай алмайды. Бірінші жағдайда “самсадан басқа ештеңеге жетпейді” деген ой қалыптасса, екінші жағдайда ақша “барлық қажетіне жарайтын” болып көрінеді.

Балаға ақша беру оның қаржылық сауатын ашуға жәрдемдесуі керек. Ол тек жұмсауды емес, артығын алып қалуды, жинауды да үйренуі тиіс. Сол себепті белгілі мөлшерде санап бергеннен гөрі, өзімен бірге есептеп, ақшаны қалай жұмсауды үйрету керек. Ақшаны, дұрысы, төмендегідей есептетіп үйретіңіз:

  • Қажеттіліктер — бұл міндетті түрде жұмсалатын шығындар (жолға, мектепте тамақтануға, т.б.).
  • Қосымша қажеттіліктер — жоспарсыз туындайтын шығындар. Мектепте мерекелік кешке дайындық болып, балаңыз үйге әдеттегіден кеш келуі мүмкін. Ол кезде кететін қосымша жол шығыны, тамақтану тәрізді ойламаған жерден шығатын жағдайлар үшін қосымша ақшасы болуы керек.
  • Қорға ақша жинау — бұл ең маңызды пункт. Әрбір баланың өз арманы болады: бірі велосипед алғысы келсе, бірі бренд қуыршақты сатып алғысы келеді. Қалағанын алу үшін, балаға ақша жинауды үйретіңіз. Мысалы, күніне 100 теңге үнемдесе, 50 күннен кейін қуыршақ сатып ала алатынын түсіндіріңіз. Ал егер 200 теңгеден үнемдесе, 25 күннің ішінде мақсатына қол жеткізетінін түсіндіріңіз.

Баланың қолына ақша ұстатарда, осы қағидаларды ұғындырсаңыз, шығындарға басқаша көзқараста қарайтын болады.

2. Ақшаны аптасына не айына бір беріп отырыңыз

Қаржыны дұрыс басқартып үйретудің бір жолы – ақшаны күнделікті емес, аптасына немесе айына (жасөспірімдерге) беріп отыру. Алайда бұл қадамға қосымша шығындарды есептеп, қорға ақша жинауды үйренгеннен кейін көшіңіздер.

Алдағы аптаға арналған ақшаны қолына алғаннан кейін, бала өздігінен жоспар құрып, шығындардың орнын толтыруы керек.

Ақшасын ерте жұмсап тастаса, ашуға бой алдырмаңыз.

Баладардың көбі ақшасын ерте жұмсап тастайды. Мұндай кезде оған қосымша ақша бермеңіз. Ақшасыз жүрген күндері қателігінен сабақ алуға көмектеседі.

Егер мүлдем ақшасыз қалса, “қарызға” беріңіз. Бұл қарызын келесі аптада берілетін ақшасынан есептеңіздер.

Балаға ақшаны белгілі мерзімде әрі белгілі сомада беріп отырыңыз. Мысалы, жексенбі “ақша беретін күн” болсын.

3. Ақшаның құндылығын түсінсін

Кішкентай кезінде бала ақшаны мақсатсыз жұмсайды. Бірақ өсе келе оған қаржыны басқару өте маңызды екенін түсіндіре бастаңыз.

Мысалы, аптаның басында бала бәрін 0-ден бастайды да, апта бойы “еңбек етеді”. Бұл еңбегінің ішіне қосымша кітаптарды оқу тәрізді пайдалы істерді кірістіріңіз. Алайда үлкендерге көмек етуді, кішілерге қарасуды міндетсініп кетпеуі керек. Сол себептен “еңбекақы” тек өзіне пайдалы, қосымша істерге арналсын.

4. Өзіңіз үлгі болыңыз

Баланы ақшаны басқаруға үйрету үшін өзіңіз үлгі болыңыз. Шығындар мен кірістеріңізді есептер кезде, балаңызды қасыңызға отырғызыңыз. Зерігіп кетпес үшін, оған да ақша есептетіңіз.

Мысалы, отағасы мен отананың еңбекақыларын қосыңыз, бұл – кірістер. Шығындар қатарына коммуналды қызметке, азық-түлікке, жол шығындарына, балаларға жұмсалатын, басқа да шығындарды бірге есептеңіздер. Баланың санасында ақшаны қалай дұрыс басқару керектігі қалыптасады. Мұндай сабақтан кейін, “маған ойыншық алып бер” деген тәрізді еркелігінің де сап тыйылуы ғажап емес.

5. Қайырымдылық жасаңыздар

Ақшасының белгілі бөлігін бала өз қалауымен жұмсауы керек. Ата-аналар бұл кезде де балаға дұрыс бағыт беруі тиіс. Мысалы, балалар қайырымдылық жасауға өздерін “кіші” санайды. Бірақ олар жастайынан жақсылық жасауға үйренуі керек.

Қайырымдылық көрсету баланың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бұл оның ересек ғұмырына да оң әсер етеді әрі қайырымды болып өсуіне себеп болады.

islam.kz

Загрузка...