Ауғанстанда жойқын жарылыс болды
Астана. 15 қаңтар. KAZISLAM – Кеше Ауғанстанда жойқын жарылыс болып, салдарынан 4 адам қаза тапты, 90-ға жуығы зардап шекті. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі afghanistan.ru сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Жарылыс Ауғанстан астанасы Кабулдың шығыс бөлігінде болды. Онда коммерциялық емес ұйымдардың кеңселері, тұрғын үйлер мен шетелдік азаматтар жиі баратын демалыс орындары орналасқан. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, миналанған жүк көлігі жарылған. Жарылыстан 4 адам мерт болды, жақын маңда орналасқан ғимараттар жартылай қирады.
Ажал құшқандардың үшеуі әскери қызметші, біреу — азаматтық тұлға. Зардап шеккендердің дені бейбіт халық. Жарақаттанғандар арасында 23 бала мен 12 әйел бар. Tolo News сайтының жазуынша, ел президенті Ашраф Гани шабуылды айыптап, оның адамгершілікке жатпайтынын және исламға қарсы бағытталғанын атап өтті.
Президенттік сарайдың мәлімдемесінде А.Гани тиісті органдарға шабуылды жіті тергеуді және зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларының қажеттіліктерін өтеуді тапсырғаны айтылған.
Дереккөз: http://kazislam.kz/