Арақтың харам болуына себеп болған оқиға / Ардақ ТҮКЕТАЕВ
Ішкілікті харам қылған аяттар бірте-бірте түсіп, һижреттің үшiншi жылында ішімдікке тыйым салынады.
«Олар сенен iшкiлiк пен құмар ойнаудың үкiмiн сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә және адамдарға пайда да бар, алайда оның күнәсi пайдасынан тым зор», – деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят). Осы аят түскеннен кейiн, мұсылмандардың көпшілігі iшкiлiктi тастайды.
Абдуррахман ибн Ауф бiр күнi кешкi асында шарап iшiп, кейiн ақшам намазында имамдыққа өтеді. Намазда «Кәфирун» сүресiндегi «Сендер (кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерге құлшылық етпеймiн», – деген жерде iшiмдiктiң әсерiмен «Сендер (кәпiрлер) құлшылық еткен нәрселерге құлшылық етемiн» – деп, қате оқиды. «Кәфирун» сүресінде төрт жерде «етпеймiн» деген мағынаны білдіретін «лә» шылауын оқымай тастап кетеді. Осылайша аяттың мағынасы өзгеріп шыға келеді. Міне, осы оқиғадан кейін, «Ей, мүминдер! Не айтып жатқандарыңды бiлмейiнше мас күйде намазға жақындамаңдар!» («Ниса»сүресі, 43-аят) деген ішкілікке қатысты келесі аят түседі. Бұл аяттың да ішкілікті мүлдем харам қылмағанын аңғарған бірқатар мұсылмандар осынау жаман әдеттен арыла алмай, ішімдік ішуді жалғастыра береді.
Бірде мұһажирлер (Меккеден Мәдинаға көшіп келген мұсылмандар) мен ансарлардың (Мәдиналық мұсылмандар) арасында ішкіліктің қызуымен кикілжің туындайды. Кикілжіңнің арты ұрыс-төбелеске ұласады. Ертесiне мастығы тарап, есiн жинаған мұсылмандар iстеген iсiне опық жеп, өкiнеді. Осы оқиғадан кейiн Құранның ішкілікті толықтай харам қылған «Ей, мүминдер! Арақ, құмар ойнау, пұттарға табыну, оларға мал шалу және бал ашатын шыбықтар – шайтанның лас iстерi. Олардан сақтаныңдар. Сонда ғана Алланың азабынан құтыласыңдар. Негiзiнен, шайтан арақ және құмар ойын арқылы араларыңа алауыздық, әрi кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қол үздіруді қалайды» («Маида» сүресі, 90-91-аят) деген аят түседі.
Халифа Осман ибн Аффаннан ғибратты оқиға
«Сендер, арақтан аулақ болыңдар! Арақ – барлық жаманшылықтың атасы. Ертеде бір тақуа адам өмір сүріпті. Күндердің бірінде ниеті бұзық бір әйел әлгі адамға көңілі ауады. Қол астындағы күңін жұмсап әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Келген замат әйел тақуа кісіні үйге кіргізеді де, күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды. Бастапқыда не болғанын түсінбей дағдарған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды түсіне бастайды. Сол кезде барып, үйдің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра арақ тұрғанын байқайды. Әлгі әйел оған: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің» – дейді. Әрі бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастайды да, әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң, нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Сонан осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен». Осылайша хикаяны айтып бітірген халифа: «Иман болған жерде арақ, арақ болған жерде иман болмайды», – деген екен.
Алкогольдің медицинадағы көрінісі
Өкпесі қабынып ауырған 6 айлық баланың кеудесіне шешесі күніне 3 рет арақпен компресс жасап, ем қолданған. Компресті үшінші күні жасағанда, нәрестенің уланғаны байқалады. Сәби 17 сағаттай ауыр халде жатып, 4 тәуліктен кейін ғана есін жиған. Өкінішке қарай, ата-аналар көп жағдайда спирттік өнімдерді емдік мақсатпен жас балаларға қолдана береді. Оның салдары осындай болатынын ұмытпаған абзал.
***
Швейцариялық дәрігер анасының ақ сүтін еметін сәбидің дүйсенбі және бейсенбі күндері аяқ-қолы дірілдеп талып қала беретінін байқаған. Сол дертті емдеу барысында нәрестенің анасын тексеріп, оның аптасына екі рет, сәрсенбі және жексенбі күндері жұмысқа бармай демалатын белгілі болады. Міне, дәл осы демалыс күндерінде әлгі әйел аздап шарап ұрттайтын көрінеді. Сөйтіп келесі күні ана қанындағы алкоголь сүт арқылы нәрестенің организміне өтіп, оны талма ауруға ұшыратқаны анықталады.
Ішімдіктен аулақ болудың қарапайым қағидалары
1. Дос таңдай біліңіз және ішімдікке жақын жандардан аулақ жүру;
2. Сізді ішімдік ішуге үгіттеген адамға қарсы уәж айта білу;
3. Ішімдік ішумен ғана өтетін мерекелік кештерден аулақ жүру;
4. Әрдайым пайдалы істермен шұғылдануды әдетке айналдырыңыз;
5. Денсаулығыңызды күтіп ұстаңыз. Ішкіліктің денсаулыққа бірден-бір дұшпан екенін әрдайым қаперде ұстаңыз;
6. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтына жіті мән беріңіз
Қазаққа «арақ» сөзі қайдан келген болуы мүмкін?
«Арабша адам денесінен шығатын терге «арақ» дейді. Ал қазақта ішімдікке «арақ» делінеді. Екеуінің арасында тығыз байланыс болуға тиіс. Осы сәтте Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадисі есіме түсті: «Мына дүниеде ішімдік ішкен адамға ана дүниеде тозақтықтардың денесінен шығатын ірің мен терін ішкіземін деген Алла Тағаланың уәдесі бар». Осы хадисте де терге «арақ» делінген. Демек, қазекем ұрпағына арақ ішудің ақыреттегі жазасын үнемі ескертіп отырған. Тіпті ішімдіктен жиренту үшін оған «арақ» деген. Яғни тозақтықтардың іріңі мен тері (Қайрат Жолдыбайұлы).
Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала арақты iшкенді, сатқанды, сатып алғанды, дайындағанды, дайындауға тапсырыс бергенді, тасымалдаушыны лағынеттедi!» – деп, ішімдіктің түрлі күнәнің бастауы екендігін баяндайды. Міне, осы сәттен бастап сахабалардың ешбiрi де iшiмдiк iшпеген және ішімдік саудасымен айналыспаған.
Қадірменді бауырлар, бойымызды арақтан алыстатып, жүрегімізге иман нұрын құюға шақырамыз! Алла баршамызды тура жолғай салғай!
islam.kz