Әр бейсенбі сайын Павлодар мешіттерінде ауызашар беріледі

0

Павлодар қалалық мешіттері аузы берік жамағатқа ауызашар ұйымдастырып тұру ісін қолға алды,-деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

«Мұсылман жамағатының бір-біріне деген сенімі, бауырмашылдығы мен береке-бірлігін арттыру, жат ағым жолында жүрген бауырларын өзіне тарту, оларға дұрыс жолды көрсету – бүгінгі таңдағы мешіт имамдарының басты назарындағы ең өзекті мақсаттың бірі. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мешіттер тарапынан өз мүмкіндігіне қарай әртүрлі сауапты да игі іс-шараларды көптеп ұйымдастыруда. Солардың бірі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті болған дүйсенбі және бейсенбі оразасы, осы нәпіл ораза барысында сауапқа жарысқан жамағаттың бір-бірінің аузын аштыруға деген жақсы ниеті. Сондықтан өкіл имам Жолдас Қоспақұлының бастамасы бойынша қалалық мешіттерде ауызашар ұйымдастырып тұру ісі қолға алынып отыр»,-дейді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай.

Өткен бейсенбі күні алғашқы ауызашар қалалық «Ғазиз» мешітінде басталды. Ауызашарға нәпіл ораза ұстаған қалалық мешіттің жамағаты түгелдей қатысты. Дастархан басында өкіл имам Жолдас Қоспақұлы жиналған қауымға ғибратты уағыз-насихат айтты.

«Бұл бастама алдағы уақыттарда әр бейсенбі сайын қалалық «Мәшһүр Жүсіп», «Омар әл-фаруқ», «Әбу Бәкір сыддық», «Ақмешіт» мешіті, «Бижан» мешіттерінде жалғасын тауып, осы ретпен қасиетті Рамазан айына дейін жалғасын табатын болады»,-деді өкіл имам.