Ақтөбеде жаңа мешіт ашылды

0

Астана. 5 желтоқсан. KAZISLAM – Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Кеңқияқ елдімекенінде жаңа мешіт бой көтерді.

«Ырысты ана» атауын алған мешіттің ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет қатысып, жұртшылықты құттықтап, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ыстық сәлемін жеткізді. Ауыл іргесінен тұңғыш тұрғызылып жатқан мешіт өңірдегі ұлтаралық, дінаралық татулықтың тірегі боларына зор сенім білдірді. Игі іске демеушілік еткен жеке кәсіпкер Сәлімжан Қапанұлына Бас мүфти атынан Алғыс хат табыс етіліп, қазақы үрдіспен иығына шапан жабылды. Шараға аудан басшысы Жолдас Нұрланұлы, Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Мансұров, Ақтөбе медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, басқа да зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.

Қос қабатты еңселі мешітте бір мезгілде 1300 адамға дейін құлшылық ете алады. Мешітке Ырысты қажы Балжігітованың есімі берілді. Ол – ислам дінінің жанашыры болған, өте қайырымды жан. Он бес құрсақ көтеріп, «Алтын алқа» иесі атанған ол жолдасы Қапан Балжігітұлымен бірге үш рет қажылық парызын өтеген. 20-дан астам медресе шәкіртіне қаржылай көмек көрсетіп, сауапты істерге ұйытқы болған.