Ақиқа деген не?

0

Әуелі «ақиқа» сөзінің тілдік мағынасына тоқталар болсақ, араб тілінде екі түрлі мағынасы бар: біріншісі, «мойынсұнбау, ата-ананың тілін алмау, қарсылық та-ныту»; екіншісі, «туылған нәрестенің шашы» дегенді білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы: «нәресте туылғанда Алла Тағаланың ұрпақ бергені үшін нығметіне шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандықтың түріне айтылады».

Сонымен, Ислам шариғатында ақиқа деп нәрестенің шашы алынғанда сойылатын құрбандық малға айты-лады. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше хадистерін келтіруге болады. Имам Бәйһақидың риуая-тында мынадай дерек келтіріледі:

Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқа жайында сұралғанда: «Мен ақиқаны (яғни қарсы шығушылықты) ұнатпаймын»– деді. Негізінде, Пайғамбар бұл сөздің атауын ұнатпағандай болды. Сосын: «Кімнің баласы туылып, перзенті үшін құрбан шалғысы келсе, шалсын – деді».

Келесі хадисте сахаба Сумрадан жеткен деректе Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

 «Әрбір бала өзінің ақиқасына тәуелді, оның атынан жетінші күні сойылып, оның (баланың) шашы алынады және есімі қойылады»

Шариғат  бойынша  ақиқа  малын  соятын  кезде, «Бисмилләһ, бұл – пәленше ұлы пәленшенің ақиқасы» деп ниет етіп, тәкбір айтып, бауыздау керек. Ал оның етіне қатысты құрбандық шалғандай садақа жасап, етін таратса да болады. Бұл сауапты амалға жатады. Сондай-ақ, өзі де жей алады, тіпті қонақ шақырып дас-тархан жаю – сауапты іс. Өйткені ақиқа шалу – үлкен қуаныш, мереке. Мұнда Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, алғыс ретінде садақа жасау ниеті бар. Сонымен қатар ақиқа – дүниеге келген нәрестенің өміріндегі ең алғашқы құрбандығы. Сол құрбандықтан дәм татқан адамдардың нәресте үшін жасаған дұға-тілектері қабыл һәм өмірінде пайдалы болмақ. Мұнымен қоса ақиқа құрбандығы туылған баланың аман-сау, ғұмырының берекелі болуына және шайтанның азғыруынан аулақ тұруына себін тигізуі әбден мүмкін. Дүниеге келген нәресте ер бала болса, екі қой

сойылғаны абзал, ал қыз бала болса, бір қой жарамды. Хадисте:

«Ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой» делінген.

Жоғарыдағы хадисте айтылғандай ер бала үшін сойылатын малдың екі қошқар болуы оның жаратылысындағы артықшылығынан емес, алайда мұра бөлісудегі, куәлік берудегі артықшылығы болса керек.

«Дін мен дәстүр» кітабынан алынды