Алтай Республикасының мешітіне жаңа кілем сыйға тартылды (ФОТО)

0
152

Астана. 24 желтоқсан. KAZISLAM – ҚМДБ Өскемен аймағының өкілдігі Ресей Федерациясы Алтай Республикасының мешітіне кілем тарту етті,-деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің Баспасөз қызметі.

Алтай Республикасына іс сапармен барған ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы: «Біз Алтай Республикасындағы қандас бауырларымызға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің сәлемін жеткізіп отырмыз. Шет мемлекеттегі қандастарымызға қолдау көрсету ұлтымыздың асыл діні үшін аса маңызды. Алтай Республикасымен Өскемен өкілдігі арасында өзара ынтымақтастыққа негізделген достық қатынас жыл сайын нығайып келеді. Біз бүгін қандас бауырларымыздың мешітіне жаңа кілем тарту етіп отырмыз» дей келе достық, бауырластық қатынастың маңыздылығына тоқталды. 

 Алтай Республикасының мешітінде ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы жамағатқа уағыз-насихат айтты.

 РФ Алтай Республикасының Бас мүфтиі Жанболат қажы Аятбекұлы: «Жаңа кілем төселген мешіт іші бұрынғысынан да жарқырап, жайнап кетті. Осынау изгі көмектеріңізге Алтай елінің мұсылмандары атынан шынайы ниетіммен зор алғыс білдіремін» деді.

 Соңғы жылдары Өскемен аймағы өкілдігімен Алтай Республикасының мүфтияты арасында бірнеше мәрте бірлескен әртүрлі шаралар жасалып, кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.








Дереккөз: http://kazislam.kz/