Алматы қаласы мешіттерінің жылдық есеп беру жиыны өтті(ФОТО)
Бүгін, Алматы Орталық мешітінде Алматы қаласы мешіттерінің жылдық есеп беру жиыны өтті. Оған қаланың барлық мешіттерінің бас имамдары қатысты.
Жиынды Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы сөз сөйлеп, жүргізіп отырды.
Бас имам:
«Құрметті дін қызметкерлері, ағымдағы жылы, біз, Алматы қаласы мешіттері жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің тапсырмасы негізінде, Алматы қаласы Республика сарайында Мәуліт кеші кең көлемде аталып өткізілді. Келген қонақтарға жаңадан аударылған «Тәлімгер пайғамбар тағылымы» атты кітаптың 5000 данасы тегін таратылды. Бұл, әрине, біздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымақ пен бірлігіміздің арқасы деп білемін.», – деп дін саласы бойынша атқарылған шаруаларға тоқталып, алдағы атқарылуға тиісті жоспарларды да тілге тиек етті.
Содан әр ауданның бас имамына кезекпен сөз берілді. Олар өз аудандарына қарасты мешіттердің жыл бойы атқарған шаралары, жасаған қайырымдылықтары, оқу-ағарту жұмыстары жөнінде баяндама оқыды. Жиын барысында 8 ауданның бас имамдарынан 8 баяндама тыңдалып, жылдық есеп бойынша слайдтар көрсетіледі.
Қорытынды сөздің тізгінін қолына алған Бас имам жыл бойы атқарылған шараларға оң бағасын беріп, тиісті сын-ескертпелерін де айтты.
Жиын соңында Бас имам Алматы қаласында асыл дініміз – Исламның дамуына үлкен үлес қосып, дін жолында үлгілі қызмет етіп жүрген бірқатар мешіт қызметкерлері мен жақында өткен Мәуліт кешін сәтті өткізуге атсалысқан «Асыл арна» телеарнасының тілшілеріне Алғыс хаттар табыстады.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі