Алматы қаласы «Әйел-қыздар» секторының жылдық қорытынды есеп жиналысы өтті
Кеше Алматы қаласы Орталық мешітінде қалалық «Әйел-қыздар» секторының жылдық есеп беру жиыны өтті. Оған қала мешіттерінің 26 ұстазы қатысып, аталған бағыттар бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебімен таныстырды.
Жиын барысында сөз алған Алматы қаласы Орталық мешітінің ұстазы Жұлдызбай Гүлжан есеп беру отырысына келген ұстаздарға жиынның мақсат-міндеттерін түсіндірді. Сонымен қатар, діни қызмет пен діни білім берудегі ұстаздардың жауапкершілігі туралы келелі ойларын ортаға салды.
Содан сегіз ауданның жыл бойы атқарған істері, жасаған қайырымдылық шаралары бойынша есептік баяндамалар оқылып, қосымшалары слайд арқылы көрсетілді.
Жиынның қорытындысында еңбегімен ерекше көзге түсіп, тындырымды істердің басы-қасынан табыла білген төрт ұстазға Алматы қаласының өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлының атынан алғыс хаттар табысталды. Атап айтқанда, дін саласындағы көп жылдық қызметі үшін – Ілесбайқызы Гүлмира, қайырымдылық істері бойынша – Серікбайқызы Лейла, ұйымдастырушылық қабілеті бойынша – Жархынбекқызы Айнұр және әлеуметтік желі күшімен атқарылған жұмыстар бойынша – Тоқтияр Гүлбадан марапатталды.
Басқосудың соңында өткен жылдың есебіне оң баға беріліп, тиісті сын-ескертпелер де айтылды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан «Әйел-қыздар» секторы мүшелеріне келер жылы атқарылуға тиісті тапсырмалар мен міндеттемелер берілді.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі