Алла елшісінің шайтан туралы хадистері

0

Шайтан – адамның ең зұлым жауы. Ол адамды соңы үлкен өкінішке апаратын ауыр күнәларға итермелеуге қауқарлы. Бірақ қандай айла-шарғыға барса да, ол адам үшін шешім қабылдай алмайды. Дұрыс я бұрыс шешімді адам өзі қабылдайды. Сондықтан да адам өмір бойы өзінің ең зұлым жауы шайтанмен күресіп өтеді. Әр күресте оны жеңе білудің бірінші құралы – өз жауыңды білу. Алла елшісінің шайтан туралы хадистеріне зер салайық:

1.«Алла Тағалаға Шайтан: «О, Алла Тағала! Сенің ұлылығыңмен ант етемін! Сенің құлдарыңды өлгенге дейін адастырамын!» -дейді. Сонда Алла Тағала: «Өзімнің ұлылығыммен және құдыретіммен ант етемін! Олар менен кешірім сұрауды доғарғанша Мен оларды кешіруден танбаймын!» — деген.

2. «Шынында шайтан адамның қаны арқылы қозғалады».

3. «Періштелер — нұрдан, жындар – оттан, ал Адам – сендерге айтылғаннан жаратылды».

4. «Әтештің дауысын естігенде Алладан мейірім сұраңдар. Себебі ол періштені көреді. Ал есектің ақырғанын естісеңдер Алладан пана сұраңдар, есек шайтанды көреді».

5. «Шынында шайтан өзіне Алла Тағала еске алынбаған тағамды құп көреді».

6. «Шынында шайтан не істесеңдер де әрқайсыңның қасыңда, тамақтанған кезде де сендерді жалғыз қалдырмайды. Егер біреу қолынан тамағын түсіріп алса, оны шайтанға қалдырмай жеп қойсын».

7. «Адам өз үйіне кіргенде және ас ішкенде Алланы есіне алса, шайтан өзінің шабармандарына: «Сендерге (мұнда) пана да, кешкі ас та жоқ», — дейді. Егер адам үйіне кіргенде Алланы есіне алмаса, шайтан шабармандарына: «Сендер паналы болдыңдар», — дейді. Ал егер адам ас ішкен кезде Алла Тағаланы есіне алмаса, шайтан: «Сендер пана да таптыңдар, ас та ішесіңдер», — дейді.