Әйел кісі «талақ» десе, онысы талаққа санала ма?

0
116

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1. Ері әйеліне талақ етуге өкілеттілік берген болса, әйелі өзін талақ ете алады. Мұны «тәфуиди талақ» дейміз[1]. Талақтың бұл түрі айтылған сөзге қарай – «рижғи талақ» немесе «баин талақ» үкімін алады.

2. Әйел кісі ерімен белгілі ақыға келісіп, «талағын» сатып алуы мүмкін. Бұны «хүлғ» деп атайды. Бұл – «кіші байн талақ» үкімін тудырады[2].

3. Әйел кісі кейбір зәру жағдайлар себепті қазыға (бүгінде мұсылман сот) жүгініп,  сот арқылы ажырасуға құқы бар.

Бұлардан өзге әйел кісінің өз бетінше «талақ» деп айтқан сөзі – талақ болып есептелмейді.

Дінімізде талақ ету құқы – тікелей отағасына тән[3]. Жоғарыда сайып өтілгендерді айтпағанда, әйел кісіге тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл – әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.

Бұнымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның мына бұйрығын айтпай кетуге болмайды. Ол (с.а.у.) былай дейді:

«Қайсыбір әйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам»[3].  

Сондықтан да, қит етсе «кетемге» басып, ажырасуды көздеудің күнә екендігін естен шығармаған жөн.

Абдусамат Қасым