АИТВ және ЖИТС туралы не білу керек?

0

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын-алу департаментінің директоры Альберт Асқаров АИТВ-инфекциясы – яғни адамның иммун тапшылығы вирусы тудыратын баяу дамитын ауру жайлы негізгі сұрақтарға жауап берді. 

Адамның иммундық жүйесін бұза отырып, АИТВ басқа да инфекциялық аурулардың дамуына әсер етеді, өйткені иммундық жүйе организмді ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қабілетін жоғалтады. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам уақыт өте келе сау адамдар үшін ешқандай қауіп келтірмейтін микроорганизмдердің өзін тез қабылдайтын болады.

— АИТВ қалай жұғады?

— АИТВ-тің жұғу жолдары: Науқас адамның қанымен байланыс: АИТВ-пен жұқтырылған қанды құю кезінде, есірткілерді көктамырға енгізу үшін инелерді, шприцтерді және басқа да материалдарды бірге қолданғанда, АИТВ-тің жүктілік кезінде АИТВ-ті жұқтырған анасының қанымен балаға берілгенде. Науқас адамның шәуетімен, қынабынан шыққан бөлінділерімен байланыс: мүшеқап қолданылмаған жыныстық қатынас кезінде. АИТВ-ті жұқтырған ананың баласын емшекпен емізуі кезінде. Жұқтырылу тек инфекцияланған қан, шәует, қынап бөлінділері және ана сүті арқылы ғана орын алуы мүмкін.

— АИТВ сілекей арқылы, қол қысқан, бір ыдыстан ішкен кезде жұға ма?

— АИТВ — инфекциясы зәр, нәжіс, құсық, сілекей, көз жасы және тер арқылы берілмейді. АИТВ – инфекциясы жанасқанда, қол қысқан кезде, сүйгенде, массаж кезінде, бір төсекте бірге жатқан кезде, бір төсек-орын жабдығын қолданғанда, бір ыдыстан ішкен кезде жұқпайды. Сондай-ақ, унитаздың отырғышы арқылы, жөтелген кезде, түшкіргенде немесе маса шаққан кезде инфекция жұқпайды.

— Қауіп-қатер тобына кімдер жатады?

— Қауіп-қатер тобына негізінен инъекциялық есірткілерді пайдаланатын нашақорлар; олардың жыныстық серіктестері; бейберекет жыныстық қатынастарға түсетін адамдар, сондай-ақ табиғи емес секспен айналысатындар;

жезөкшелер және олардың клиенттері; донорлар және қан құюды немесе органдарды трансплантациялауды қажет ететін адамдар; венерологиялық ауруларға шалдыққан адамдар жатады.

— Адам АИТВ жұқтырғанын қалай біле алады?

— АИТВ-ті жұқтырғаннан кейін қанда пайда болатын антиденелерді қанның арнайы анализі кезінде табуға болады. Антиденелерді табу адамның АИТВ-ны жұқтырғанын көрсетеді. Алайда, антиденелер қанда АИТВ-ны жұқтырғаннан кейін 3-6 айдан соң ғана табылуы мүмкін, сондықтан кейбір кезде АИТВ-ны жұқтырғанына бірнеше ай болған адам қанының анализі теріс нәтиже көрсетеді.

АИТВ-ны жұқтырған кезде көптеген адамдар ешқандай симптомдарды байқамайды. АИТВ-ны жұқтырғаннан кейін адам ұзақ жылдар бойы өзін жақсы сезінуі мүмкін. Бұл кезең аурудың жасырын (латентті) сатысы деп аталады.

— ЖИТС деген не?

— ЖИТС – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – бұл АИТВ-пен зақымдалғаннан кейін иммундық жүйенің жеткіліксіз жұмысынан пайда болатын аурулардың жиналуы.

ЖИТС АИТВ-ті жұқтырған адамда инфекциялық және вируспен бұзылған иммундық жүйенің тиімсіз жұмысымен байланысты басқа да аурулар пайда болған кезде дамиды.

— Ауруды қалай алдын алуға болады?

— Алдын алу шаралары мынадай:

— бейберекет жыныстық қатынастардан бас тарту;

— жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын міндетті түрде қолдану (қауіпсіз секс);

— есірткіні пайдаланудан бас тарту немесе оларды пайдаланған кезде бір рет қолданылатын шприцтерді пайдалану;

— инвазиялардың енуі кезінде стерильді медициналық және медициналық емес аспаптарды қолдану;

— тиісті контингентті АИТВ-инфекциясына уақытында тексеруді жүргізу;

— тек АИТВ-тен тексерілген қанды ғана және оның препараттарын құю.

Baq.kz