Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Юсуф арасында болған оқиға (ғибрат-хикая) / Абдусамат Қасым

0

Бисмилләһир рахманир рахим

Имам Әбу Юсуф (раһимаһуллаһ) Имам Ағзам Әбу  Ханифа радияллаһу анһудың ең білікті шәкірттерінің бірі. Тіпті Әбу Ханифа жоқ кезде, оның орнына жаңа келгендерге сабақ беретіндей дәрежеде, білімі артып, ұстазының ең сүйікті шәкірті еді. Күндердің бірінде Әбу Юсуф қатты ауырып қалады. Ол кезде Әбу Юсуфтың жас кезі.

Ұстазы  Әбу Ханифа ауырғанын естіп, қасына бір-екі шәкіртін ерте оның үйіне барады. Барса, шәкірті ауыр халде екен. Есі кірелі-шығалы боп жатқан күйін көріп Әбу Ханифа қайғырады. Үйінен шығып бара жатып Әбу Ханифа қасындағыларға: «Бұл жігітті үлкен ғалым болып, өзімнен кейін орнымды басар деп үміттеніп жүр едім, бақұл болып кететін түрі бар, өкінішті-ақ» деп аһ ұрады. 

Алайда, Алланың қалауымен Әбу Юсуф біраз күннен соң сырқатынан айығады. Айыққаннан кейін әдетінше ұстазының ілім алқасына барайын деп үйінен шықса, жолда бір танысы кездесіп, қайда жол тартқанын сұрайды. Әбу Юсуф ұстазының дәрісіне бара жатқанын айтады. Жаңағы адам болса: «Қайдағы дәріс? Имам Ағзам Әбу Ханифаның өзі сені орынбасарым деді, сені өзімен теңдей көретінін айтты» деп, естігенін жеткізеді.

Ұстазынан сондай баға алған жас Әбу Юсуф іштей өз-өзіне риза болып, өзін шыннан да ғұлама сезіне бастайды. Ақырында ұстаздың дәрісіне барғаннан гөрі өз алдыма жеке ілім алқасын құрып, шәкірт даярлағаным жөн екен деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, Имам Ағзамның дәріс жүргізетін мешітіне барып, оқшаулау жерде ол да жеке ілім алқасын құрады. О заманда дәрістер мешітте жүргізілетін.

Содан Имам Ағзам Әбу Ханифа әдеттегідей дәріс өткізіп отырғанда көзі басқа бір ілім алқасына түседі.

-Біздің қалаға шейх келген бе?» деп сұрайды отырғандардан.

-Олар: «Жоқ» — деп, жауап береді.

-Олай болса, анда отырған шейх кім? – дейді Әбу Ханифа.

-Ол – шәкіртіңіз Әбу Юсуф. Сырқатынан айығыпты.

-Неге бізге келмейді? – таңданады Әбу Ханифа.

-Уә құрметті ұстаз, сіз өзіңіз емес пе, Әбу Юсуф тірі болса, өзімнің орынбасарым етер едім деген – дейді шәкірттері.

Мән-жайды ұққан Әбу Ханифа күліп тұрып: «Әбу Юсуф аса таяғының қабығын ашып беруімізді керек етіп тұрған сияқты» дейді де, оған ілім алқасын құруға әлі ерте екенін ұқтыру мақсатында басқа бір шәкіртін «былайша сұрақ қой» деп жолдайды.   

Әбу Ханифаның жіберген шәкірті Әбу Юсуфтың ілім алқасына барып, сұрақ қоюға рұқсат сұрайды. Әбу Юсуф рұқсат береді.

Шәкірт былай деп Әбу Ханифа айтып жіберген сұрақты қояды:
— Бір кісі тігіншіге барып, киімін қысқартуға берген екен. Біраз уақыттан кейін тастаған киімін алу үшін келгенде тігінші ешқандай киім алмадым деп жалтарыпты, бергісі келмей. Содан сақшыларды шақыртып, дүкенін тінтіп, ақыры киімін тауып алыпты. Қараса тігінші киімін қысқартқан екен. Енді сұрақ: Жаңағы адам әлгі тігіншіге еңбек ақысын беруі керек пе, бермеуі керек пе?

Имам Әбу Юсуф:
— Киімін қысқартқан болса, еңбек ақысын береді – дейді.

Шәкірт:
— Қателестіңіз – дейді.

Әбу Юсуф аз ойланып:
— Олай болса, ақысын бермейді, себебі ұрлағысы келді, солай емес пе? – деп басқа тұжырым жасайды.

Шәкірт қайтадан:
— Қателестіңіз – дейді.

Әбу Юсуф таң қалып сұрақ қоюшыға мұқият қараса, түрі ғалымға ұқсамайды, бірақ сауалы білімді адамның сауалы. Кейіннен оны Әбу  Ханифа жібергенін түсінеді де, орнынан тұрып, ұстазының ілім алқасына барады.

Ұстазының жанына барып: «Уа, ардақты шейх, мен сізден бір мәселенің жауабын білсем деп едім – дейді. Әбу Ханифа естімегенсіп, дәрісін жалғастыра береді. Әбу Юсуф тағы өтінеді. Әбу Ханифа естімегенсіп, дәрісін жалғастыра береді. Кейін Әбу Юсуф Әбу Ханифаның тізесіне екі қолын қойып: «Ұстаз, мен бір мәселенің жауабын білейін деген едім» – деп сұранады. Әбу Ханифа оған қарайды да: «Сіз секілді шейхтың, мен сияқты адамнан сауал сұрағаны қызық екен» – дейді.

Әбу Юсуф:
— Жоқ. Мен шейх емеспін. Сіз шейхсыз. Мен сіздей шейхтан бір мәселенің үкімін білгім келеді

Әбу Ханифа:
— Хош. Не мәселе? Сұрағын.

Әбу Юсуф:
— Сіз сауалдың мазмұнын білесіз.

Әбу Ханифа:
— Тігінші мәселесі ме?

Әбу Юсуф:
— Дәл өзі.  Тігіншіге еңбек ақысы берілу керек пе, жоқ па? Тігінші киімді қысқартып отыр. Еңбек ақысын алуына құқылы емес пе? Әлде, ұрлағысы келгендіктен, пиғилына қарай берілмейді ме? Шешімін айтып жіберсеңіз!

Сонда Әбу Ханифа мәселенің шешімін былай деп айтқан екен:
— Киімді қаншалықты қысқартқанына қараймыз, яғни қысқартқан мөлшеріне қараймыз. Егер, тігінші киімді егесінің бойына шақтап қысқартқан болса, еңбек ақысы беріледі. Ал, өзінің бойына шақтап қысқартқан болса, еңбек ақысы берілмейді. Неге десеңіз?

Біріншісінде — ол киімді алып келген адам үшін қысқартып, сол үшін еңбектеніп отыр деген сөз. Жаман пиғыл қысқартқаннан соң туындаған. Сондықтан, еңбек ақысы беріледі.

Екіншісі жағдай болған болса, тігінші о баста киімді ұрламағысы келгені білініп тұр. Бұдан келіп, тігінші киімнің егесі үшін емес, өзі үшін еңбектенгендігін аңғарамыз. Сондықтан да, еңбек ақысын бермейді – деп Ұлық Имам Әбу Ханифа шешімін айтқан екен. 

Жауапты естіген Әбу Юсуф ұстазының қолын сүйіп, өзінің уақытынан бұрын ғұламалыққа таласқанына ұялып, қателігін түсінген екен.

Бұдан соң Әбу Юсуф ұстазы бақилыққа аттанғанша оның дәрісінен айырылмаған. Кейіннен Әбу Ханифа (рахматуллаһи алейһ) милади жыл санауы бойынша 767 жылы қайтыс болған кезде, оның орнына Әбу Юсуф лайық көріліп, ұстазының ілім алқасын әрі қарай жалғастырады. Әбу Юсуф ұстазы қайтыс болғанда шамамен 37-38 жаста екен. Бұл кез Әбу Юсуфтың жасы да, ілімі де бұрынғыдан ілгерілеп қалған кез тұғын.

Әбу Юсуф ұстазы қайтыс болған жылдары Бағдат қаласының қазылық қызметіне тағайындалады. Одан кейін халифа Харун Рашид оны бас қазылық қызметін тапсырып, тарихта ең алғаш рет «Қазы-и Қузат» — «Қазылардың қазысы» атағын иеленеді. Халифаттағы бүкіл қазылардың үстінен қарайтын болады. Оған жер-жерлерге қазыларды тағайындау құқы, әрі керек кезде қазылардың шешімін қайта қарау құқы берілген етін. Ханафи мәзхабы ең көп таралған мәзхаб десек, соның таралуына үлкен үлес қосқан адам Әбу Юсуф еді.  

Алла олардан разы болсын!  

islam.kz