2019 жылы Ашура күні қашан болады?
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі мұсылман мерекелерінің бірі Ашура күні туралы және бұл мейрамның 2019 жылы қашан болатыны жайлы мәлімет ұсынады.
Исламдағы Ашура күні – бірнеше ғасырлар бойы атап өтіліп келе жатқан мұсылман мерекесі. Мұсылмандар Ашура күнінде ерекше ережелерді ұстанып, көпшілігі ауыз бекітеді.
Ашура күні 2019 жылы қашан басталады?
Ол Мұхаррам айының оныншы күніне келеді. Мерекенің атауы араб тіліндегі «асхара» сөзінен шыққан, яғни он деген мағынаны береді. 2019 жылы Ашура күні 9 қыркүйекте басталады.
Ашура күнінің тарихы мен дәстүрі
Ашура – ислам тарихындағы ерекше күн. Бұл – Алланың мейірімімен көптеген пайғамбарлар құтқарылған қасиетті күн. Сондай-ақ, Алла Тағала дәл Ашура күнінде Адам Атаның тәубесін қабыл алды. Бұл күні Нұх Пайғамбар (с.а.у.) және онымен бірге бір кемеде болған ізбасарлары су тасқынынан аман-есен құтқарылды. Осы күні Алла Тағала Мұса Пайғамбар (с.а.у) мен оның қауымын құтқарып қалды. Бұл күні Алла Тағала сүйікті Пайғамбарын (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның ізбасарларын сенбейтіндердің жамандығынан қорғады. Осы күні Алла Тағала аспан мен жерді, Аршы мен Күрсiні, періштелерді, алғашқы адам – Адам Атаны (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жаратқан.
Ашура күнінде ораза ұстау
Көптеген мұсылмандар Ашура күні ораза ұстайды. Бұл дәстүрдің ұзақ тарихы бар. Аңыз бойынша, Мұхаммед пайғамбар Мединаға келгеннен кейін яһудилердің Мұса пайғамбардың және Исрайл ұрпағының Мысыр Фараонының әскерлерінен аман қалғанын еске алу үшін осы күні ораза ұстайтындарын білді.
Сонда Мұхаммед Пайғамбар мұсылмандар да Мұса пайғамбардың дәстүрін ұстануға лайықты деп санап, өзі де ораза ұстай бастады және сахабаларына да ораза ұстауды бұйырды.
Бірақ яһудилерге ұқсамау үшін бір күн ерте бастау яки ашура күні ораза ұстайтын болса тағы бір күн қосып ұстау керек. Яғни тек ашура күні ғана ораза ұстауға болмайды.
Кейбір деректерде осы күні ауыз бекіткен адамдарды ауызашарға шақырып ас берген адамның мол сауапқа кенелетіндігі де айтылады.
Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, Ашура күнінде оразаны екі күн ұстаған дұрыс. Яғни, Мұхаррам айының тоғызы мен оны немесе 10-шы және 11-ші күндері ораза ұстаған жөн.
Ашура күнінде не істеу керек
Бұл күні сүннит мұсылмандары әркім өз қалауынша, ерікті түрде ораза ұстайды. Исламда Ашура күні ораза ұстау күнәнің да кешірілуіне арқау болады делінеді. Бір хадисте: “Ашура күні ауыз бекіткен адамның өткен жылғы күнәлары кешірілетінінен үміт етемін” дейді.
Бұл күнгі оразаны күн батқанға дейін ұстап, содан кейін мерекелік дастархан жаяды. Ашура күнінде дастарханға ноқат, бидай, бұршақ және кептірілген жемістер, сондай-ақ үрме бұршақ, жасымық және ет тағамдары қойылады. Ал балаларға тәтті печеньелер мен шербет беріп, дәм татқызады.