Мəскеуді əнге бөлеп, күймен күмбірлеткен қазақ əуендері
Белгілі этнограф, қазақстандық музыкатану жəне композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Александр Викторович Затаевичтің 150 жылдығының аясында ҚР мəдениет жəне спорт министрлігінің ұйымдастырумен Мəскеуде өтіп жатқан үш күндік шараның кеше — соңғы күні. 11 қазанда басталған «Əлем халықтарының музыкасы. Зерделеу проблемалары: мəдени мұраны сақтау» атты халықаралық ғылыми конференциясы өз жалғасын тауып, тың идеялармен қорытындыланды. Аталмыш шараның салтанатты жабылу кеші кеше Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының Үлкен концерттік залында өтті. Концерттік бағдарламада ҚР беделді əртістері мен Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі өнер көрсетті.
Мерекелік шара Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі орындауындағы «Көңіл ашар» күйінен басталды.
Сахнаға шыққан халықаралық байқаулардың лауреаты Дастан Есентеміров «Қыз жібек» шығармасын орындады.
«Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі дирижері — композитор Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динзухра (Динара) Тілендиева.
Ардақ Балажанова халық əні «Ахау, арманды» орындап, халықты өзіне тəнті қылды.
Көрермендер арасында мəскеу тұрғындары ғана емес, елге деген сағынышын жасырмаған отандастарымыз да болды.
Көрермендердің бірі: «Мəскеу қаласында 82 жылдан бері тұрамыз. Концертке ағайындарымызбен, достарымызбен бірге келеміз. Осындай концерттер Мəскеуде жиі ұйымдастырылса, қуанышты болар едік», — деп пікірін білдірді.
«Мəскеуде тұрып жатқанымызға 30 жылдай уақыт болды. Күймен, əнмен өстік. «Отырар сазының» күйді ойнағанын көріп, мақтаныштан жүрегіміз кеудемізге сыймай бұлқынып отырды. Осындай шаралар жиындар көп болса, сыртта жүрген отандастарымыз бір сағынышын басып алар еді. Оның үстіне, бұл қазақтың этно-фольклорын ұмытпауға себеп болады. Біз əрқашан осындай шараларға балаларымызды алып жүреміз. Олар көруі тиіс», — дейді отандастарын қолдауға келген қандасымыз.
Абайдың «Көзімнің қарасын» нақышына келтіріп орындаған Фархат Кубиевтің өнеріне тəнті болмаған жан баласы қалмады.
Көрермендер де қосылып əндетті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаев «Əлқисса» күйін орындап, көрермендер қошеметіне бөленді.
Қазақтың дəстүрлі жəне халық əндерін кеңінен насихаттап жүрген Ерлан Рысқали «Молдабайдың əнін» орындады.
Күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаева Махамбеттік күйі «Өкінішті» орындап, халық ықыласына бөленді.
Қыздар қазақтың ұлттық аспабы жетігенде «Аққу» күйін орындаған сəтте халық ұйып тыңдады.
Айдана Мұхтар, Айгерім Жанатлекова, Мейрамгүл Қосшығұлова, Толғанай Кеңес, Арайлым Өмірбекова, Айбала Бейсенова арулар салған əсем əндермен бөлісті.
Концерттік бағдарлама Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» əнімен аяқталды.
Халықаралық конференцияға қатысушылардың бірі Туяна Будаева: «Шара өте жоғары деңгейде өтті. Конференцияға Қазақстан, Ресей жəне өзге мемлекеттерден кəсіби мамандар келіп, өздерінің идеяларымен бөлісті. Ал, концерт маған ерекше ұнады. Бұл жерде қазақтың ұлттық дəстүрі көрсетілді. Оның өзін əдепкі, қалыптасқан бағыттан өзгеше жеткізді. Меніңше, маған қана емес, қазақтың дəстүрлі музыкасымен енді танысып отырған кез келген көрерменге ерекше əсер қалдырды», — деп шара туралы пікірін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның 9-11 аралығында Александр Викторович Затаевичтің 150 жылдығын тойлау аясында Мəскеуде ҚР мəдениет жəне спорт министрлігінің ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми конференция өткен болатын. Алғашқы күні Ресей ұлттық музейінде «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің лекция-концерті өтті. Ал, 11 қазанда ғылыми конференцияның ашылуы болды. Бүгін өз мəресіне жеткен шара Ресей даласын қазақ əнімен əуелеп, күйімен күмбірлетті.
Мерекелік концерттің қызықты сəттерін төмендегі суреттерден көре аласыздар.