Жерік болу: ИТЖЕРІКтен құтылу үшін ИТАЯҚтан ас берген

0

Ана құрсағына бала біткен алғашқы айларда адамда жерік пайда болады. Жеріктің итжерік деген де түрі бар. Итжерік – жүкті әйелдің 3-4 айында анық байқалатын құбылыс. Бұл кезеңде болашақ ана ағзаға керекті тағамдар табылмағандықтан қиналады. Яғни итжерікке шалдыққан әйелдің ешқандай асқа зауқы соқпайды, жүрегі айнып, құсып тастайды. Жеген тағамы сіңбейді.

Итжеріктің жүрек айну, асқа тәбеті шаппау сияқты белгілері бар. Мұндайда екіқабат әйелдер бір нәрсені аңсап және не керек екенін өзі де білмей дал болады. Сосын үнемі шаршай береді. Қазақ халқының көнеден келе жатқан ырымы бойынша мұндайда итжерік болған әйелге иттің табағына ас құйып ішкізу керек деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Тек сонда ғана итжерік болған адамның ауруы бірден сап тиылып, асқа деген тәбеті артады екен. Осы жөнінде Күлсара деген апаның айтқан мына бір әңгімесі қызық. Биыл 68 жасқа келген ол кісі былай дейді:

«Жерік кезінде әйелге өзінің сүйсініп жейтін тағамын әзірлеп, оны итаяққа құйған соң қайтадан кесеге аударып, құрсақ көтерген адамға білдірмей ішкізу керек. Ондайда ас ішетін адам жиренбей ішкені дұрыс. Тек сонда ғана жерік әйелдің жағдайы жақсарып, бойындағы баласын дені сау етіп дүниеге алып келеді.

Мен де төртінші ұлым Еркінді босанарда итжерік болғанмын. Сол кезде жерігім басылмай, не жерімді білмей қатты қиналдым. Көршілерім мені ұнатады-ау деген небір тағам түрлерін жасап әкеліп беріп жүрді. Енем де құрты, майы мен жаңа сауылған қымызын берумен болды. Бірақ әбден шаршап қалжырап кеттім.

Бір күні енем әдемі етіп кесілген кеспе көжесін дайындап әкелді. Сорпасынан сүйсіне отырып кішкене іштім. Көже ұнаған секілді. Арада біраз күндер өткен соң итжерігім басылып, өзім ұнатқан тамағымды жей бастадым. Кейін білсем, енем менің қатты қиналғанымды көрген соң иттің табағын жуып, оған кеспе көжені құйып, сосын оны маған білдіртпей әкеліп беріпті. Қазақта сондай ырым бар екен. Сөйтіп мені итжеріктіктен құтқарған».

Айтпақшы, осындай құбылыс Еркеайым деген түркістандық жас келіншектің де басында бар екен. Биыл 20-ға келген ол өзінің қатты қиналып жүргенін айтады. «Күн сайын тамақ әзірлеу үшін асханаға кіре алмай әлек боламын деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Жолап кетсем болды, өсімдік майының иісінен жүрегім айниды. Сосын ақырында қатты жиіркеніп, құсуыма тура келеді. Ондайда тез шаршаймын. Өзіме керек тағам түрлерін алып жегеніммен, әзірге еш нәтижесі жоқ. Дәрігерлер бұл іштегі балаға зиян дегенді айтады. Білмеймін, кейінгі кезде қатты мазам кетіп жүр. Мүмкін, мен де итжерік шығармын», – дейді ол.

Қазіргі «современный» келіндер екіқабат кезінде жеміс-жидектердің көптеген түрлері мен витаминдерді жиі пайдаланатын болған. Түрлі сусындар ішіп, дәрігерлердің ақыл-кеңесіне сүйенгенді жөн көреді. Бұл құптарлық жағдай. Жоғарыда айтылғандай, итжеріктен басы қатып жүргендер қай жерде де кездеседі. Ондайда егер витаминдер мен түрлі жеміс-жидектердің пай-дасы тимей, шаршап жүрген адамның бір сәт қазақтың көнеден келе жатқан ырымына көңіл бөлгені жөн. Өйткені кімге болсын болашақта дүниеге келер ұр¬пағы қымбат.

А. ИСАХОВА.

«Ауырмаңыз!» газетінен алынды