Омырауыңыз сау болсын десеңіз…
Сүт безі қатерлі ісігімен қалай күресеміз?
Бұрын қатерлі ісікке шалдыққан адам оны ести сала өмірден үмітін үзетін. Ал бүгінде аса қорқудың қажеті жоқ. Себебі қазір ауруды бірнеше жолмен анықтауға болады. Тіпті бастапқы сатысында міндетті түрде емделеді. Дерт неғұрлым ерте анықталса, оған қарсы тұру мүмкіндігі де жоғары.
Омыраудағы қатерлі ісіктің пайда болу себептері:
Сүт безі – гормондармен тығыз байланысты мүше. Онда пайда болатын ісіктер қатерсіз және қатерлі деп бөлінеді. Омырау обырына көбінесе: гормоналды дәрі-дәрмекті жиі тұтыну, темекі мен ішімдікке құмарлық, кеш босану, бала емізбеу, жасанды түсік жасату, тұрмысқа кеш шығу, жыныстық қатынастың тұрақсыздығы немесе мүлдем болмауы алып келеді. Дегенмен, бұл жағдай көп балалалы, жиі емізетін әйелдерде де кездеседі. Оған гормондық жүйе мен қалқанша без қызметінің бұзылуы, гинекологиялық аурулардың асқынуы әсер етеді. Ал 10%-ы тұқымқуалаушылықтан болады. Сондықтан әжесі не анасы бұл дертпен ауырғандар сақтық үшін тексеріліп тұрғаны дұрыс. Қазір аурудың себебін дөп басып айту қиын. Өйткені мүлдем ойламаған жерден де пайда болып жатады. Негізінде, барлық ауруға себепші күйзеліс пен экология деуге болады.
Сүт безі обыры тағамның әсері
Маман ретінде ешқандай асқа шектеу қоймаймын. Бұрынғы ата-әжелеріміз барлығын жеді ғой?! Сонда да мұндай ауру болған жоқ. Қазір шын-өтірігі белгісіз ақпараттар қаптап кетті. «Анау болмайды, мынау зиян» дегенді жиі естиміз. Әрбір «болмайды» деген шектеу адамды күйзеліске алып келеді. Адам қалағанынша өмір сүруі керек. Нені қаласаңыз соны жеңіз, ұнатқан ісіңізбен айналысыңыз. Адам ағзасы өзіне қажет нәрсені ғана талап етеді. Бірақ «жеу керек екен» деп шектен шығудың қажеті жоқ. Бәрін саналы түрде жасау керек.
Қатерлі ісікті қалай анықтаймыз?
Ол қатты ауыртып, аса бір белгі бермейді. Сондықтан жылда гинекеологқа қаралып, сүт безін тексертіп тұру керек. Қазір маммолог маман барлық ауыл-аймақта бар. УДЗ аппараты да кез келген жерден табылады және тегін.
Әйелдер үйде суға түскенде кеудесіне крем жағып, қолымен тексерсе болады. Кіші және орташа көлемді кеудеде ол қолға білінеді. Ал 15 өлшемді кеудеде оны байқау қиын. Бұл жерде өте мұқият болу қажет. Кеудеден сұйықтық бөлінсе, терісі қызарып, қошқылданса, бірден дәрігерге барыңыз. «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Омырау суықтағаннан, маститтен, сүйек метастазынан және онкологиялық аурудың әсерінен де қызарады. Сондықтан қызарудың себебін анықтау керек. Егер метастаз белгілері білінсе, сцинтиграфиядан өткізеді. Мұндайда өз бетінше ем-дом жасауға болмайды. Сүт безін жарақаттап алсаңыз, жазылып кетуін бақылаңыз. Егер жазылмаса, дәрігерге қаралыңыз. Омыраудың жарақат алған бөлігінің қатерлі ісікке айналуы да тәжірибеде кездеседі.
УДЗ және маммография
Егер гинеколог сауатты болып, сүт безін қарап, бір белгіні байқаса, оны әрі қарай УДЗ-ге немесе маммографияға жібереді. Маммограмманың кейбір патологиялық өзгерістері түсініксіз болып, күмән тудырса, қосымша МРТ немесе ультрадыбыстық зерттеу тағайындалады. Ісіктің бары анықталса, оны онкомаммологқа жібереді. Оның қаншалықты қауіпті екендігіне гистологиялық сараптама жасалынады.
Кейде ісіктің белгілерін жүктілік кезінде немесе босанғаннан кейін анықтап жатады. Бұл дұрыс кеңес берілмегендіктен болады. Оны гинеколог әуел баста анықтауы керек еді. Яғни, барлық әйел жүктіліктің алдында және кейін де сүт безін УДЗ-ден өткізуі тиіс. Оның анаға да, балаға да еш зия-ны жоқ. Ал маммография ол – рентген сәулесі. Бала тумаған әйелдерге одан өтуге тіптен болмайды. Оны белгілі бір жаста, белгілі бір жағдайда ғана жасатады. УДЗ мен маммография бір-бірін алмастырмайды, тек толықтырады. УДЗ-ге түсірген адам тек аппараттың көрсеткенін жазып береді. Ал диагнозды дәрігер қояды.
Кеуде ауырсынуының басқа да себептері
- Мастопатия
- Остеохандроз
- Күйзеліс
- Йод тапшылығы да омырауыңызды ауыртуы мүмкін.
Көп қыз-келіншектерде мастопатия кездеседі. Ол – ішкі секреция бездерінен бөлінетін гормондар қызметінің бұзылуынан сүт безінде түйіндердің пайда болуы. Мұндай түйіндерді қолмен басқанда ауырады. Әсіресе, етеккірдің алдында не келген кезде қатты ауырып, түйіндер ұлғаюы ықтимал. Ол гинекологиялық жаққа немесе қалқанша бездің қызметіне байланысты. Қатерлі ісік пен мастопатия екі бөлек диагноз. Бірақ кейде сол асқынып кеткен түйнектер қатерлі ісікке айналуы мүмкін.
Ауырған адам кімге баруы керек?
Ең алдымен өзіңіз тұратын жердегі маммологқа қаралыңыз. Одан кейін аудандық, болмаса облыстық онкодис-пансерге баруға болады. Егер жай ғана тексерілгіңіз келсе, жеке куәлігіңізді алып барасыз. Оған ешкімнің тиым салуға қақысы жоқ.
Емдеу шаралары
Адам ең алдымен жергілікті жерінде барлық тиісті тексерістерден өтуі керек. Егер ісіктің бар екені расталса, тұрғылықты жерінен онкологиялық орталыққа немесе онкология институтына арнайы жолдама береді.
Сүт безінің қалпын сақтай отырып ота жасау
Қатерлі ісіктің көлемі кішкентай болса, сүт безі сақталып, белгілі бір аймағы кесіп алынады немесе химиотерапия жасалады. Ота жасау кезінде гистологиялық сараптама жүргізіледі. Гистолог маман обыр жасушасы алынып тасталған жерде ешқандай қауіптің жоқ екенін анықтаса, көкірек дәл сол күйінде қалады. Отаның орны еш білінбейді.
Егер қатерлі ісік жасушалары сүт безінің барлығын жайлап кетсе, оны түгел алып тастап, орнына тегін түрде имплант салып береміз.
ҚазОРҒЗИ-да көрсетілетін қызметтер
Мұнда химиялық емдеу, ота жасау, сәулелік терапея – барлығы тегін. Әрбір Қазақстан азаматы порталға тіркеліп, тегін квота алуға құқылы. Ал қатерлі емес ісіктерді емдеу – ақылы. Қатерлі емес ісіктерге: фиброаденома, киста, мастит жатады. Өзінің тұрғылықты жерінде бұларды тегін емдейді.
Әлия Жаңалыққызы ӘБДІРАХМАНОВА:
ҚазОРҒЗИ-ның маммология бөлімінің меңгерушісі
Дереккөз: «Сырласу» журналы