Мәйітханаларда адам ағзасы алынатыны рас па?
Коронавирус пандемиясы барлық салаға өз әсерін тигізді. Әсіресе дәрігерлерге түсетін салмақ артты. Бұл санатта патологоанатом мамандар да бар. Бірақ олар туралы аз айтылып, сирек жазылады. Карантин жағдайындағы жұмыс, мәйітханаларда марқұмдардың ішкі ағзалары алынатыны рас па? Клиникалық өлім және өмірге қайта оралу. Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде Петропавл қаласындағы көпбейінді аурухананың Патологоанатомия бөлімшесінің меңгерушісі Анатолий Котовпен сұхбаттасқан еді.
Пандемия мәйітхана жұмысына қалай әсер етті? Жұмыс көлемі қаншалықты көбейді?
— Пандемияның бастапқы кезеңінде пневмониядан қайтыс болғандардың мәйітін патологоанатомиялық зерттеу көрсеткіштері көбейді. Мақсат – коронавирус инфекциясын анықтау. Өйткені ПТР сынама вирусты көрсете бермейді. Мұндай жұмыс кезінде барлық қорғаныш құралдары қолданылады. Бастапқыда обаға қарсы костюмдерді пайдаландық. Одан кейін бір реттік жеке қорғаныш құралдарын қолданысқа енгіздік. Карантиндік шаралар енгізілген сәтте тапшылық болғаны рас. Қазір ондай проблема жоқ. Бірнеше рет пайдалануға болатын обаға қарсы костюмдер де баршылық. Жұмыс көлемі айтарлықтай көбейді деп айта алмаймын. Мәселен, 2019 жылы 565 адамның мәйіті зерттелсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 502 адам болды. Бұл стационарда қайтыс болғандар саны. Және облыста бірнеше мәйітхана барын да ескеру керек. Жалпы алғанда биопсиялық және операциялық материалдарды зерттеу көрсеткіші азайды. Бұл — біздің жұмыстың негізгі бағыты. Ал коронавирустан қайтыс болған адамдардың мәйіті қазіргі уақытта зерттелмейді.
— Өлім-жітім көрсеткішінің ұлғаюына байланысты Петропавл мәйітханасында орын тапшылығы болғаны рас. Бұл мәселе шешімін тапты ма?
— Мәйітханада жаңадан әкелінген екі тоңазытқыш камера орнатылған. Әрқайсысында 3 қабат бар. 15 орынға шақталған. Ескі тоңазытқыштар да бар. Әзірге жұмыс істеп тұр. Пандемияның бастапқы кезеңінде барлық қайтыс болған адамдарды бізге әкеле бастады. Мәйіттер жерлеу рәсіміне дейін осында сақталды. Иа, орын жетіспеген кездер болды. Бірақ ұзақ мерзім емес. Туған-туыстары марқұмдарды тезірек жер қойнауына тапсыруға тырысады. Өткен жылдың мамыр, маусым, шілде айларында проблема болды. Бүгінгі күні ондай мәселе жоқ. Қазір жұқпадан қайтыс болғандарды арнайы қаптамамен орайды. Оны ашуға болмайды. Туған-туыстарына осыны ескертеміз. Мәйіттердің денін жерлеу рәсімдері агенттіктері алып кетеді. Жерлеу рәсімін өздері орындайды.
— Мәйітті зерттеу арқылы адамның қайтыс болған уақытына дейін анықтап жатасыздар. Бұл құбылысты қандай әдіс-тәсілдер арқылы білесіздер?
— Оның өз әдіс-тәсілдері бар. Бұндай мәселелермен сот мәйітханасы айналысады. Түрлі апаттар, түсініксіз ауру сынды мезгілсіз қайтыс болғандар сонда жіберіледі. Бізге ауруханада қайтыс болғандар әкелінеді. Олар көз жұмғаннан кейін екі сағат бойы емдеу мекемесінде болады. Өйткені дәрігерлер өлім фактісіне әбден көз жеткізуі тиіс.
— Бір мәйітті зерттеу үшін қанша уақыт кетеді?
— Мәйітті ашу уақыты – зерттеудің күрделілігіне байланысты. Кейде 40 минут жеткілікті, кейде 2 сағат. Бұл зерттеудің бір бөлігі ғана. Түрлі сараптамалар да жасалатын кездер болады. Ағзадан тіндер алынады. Атқарылған жұмыстың барлығы хаттамада тіркеледі. Шынын айтсақ, қағаз жұмыстары уақыттың басым бөлігін алады. Бұл біз үшін емес, емдеуші дәрігерлер үшін қажет.
— Халық арасында «мәйітханадағы мәйіттердің бүйрек, бауыр, жүрек сынды тағы басқа ішкі мүшелері алынып, ағза трансплантациясына қолданылады екен» деген қауесеттер жүреді. Бұл пікірлер шындыққа қаншалықты жанасады?
— Иа, қоғамда сан-алуан пікір болады. Бірақ бұдан сорақысын ойлап табу қиын. Трансплантация – заңмен реттеледі. Бекітілген қатаң тәртіп бар. Адам ағзасын алу – стерильді операция залдарында жасалуы тисі. Бірнеше сағат бойы жатып қалған мәйіттің ағзалары – ешкімге де керек емес. Өйткені ол бірден тіршілік қабілетін сақтайтын белгілі бір ортаға түсуі тиіс. Оны басқа жерге апару үшін арнайы контейнерлер қажет. Бұл өте күрделі процесс. Сондықтан қайтыс болған адамның ағзаларын мәйітханада алу – ешкімге қажет емес. Медицинадан алыс адамдардан түрлі пікір естуге болады. Кейде марқұмдардың туған-туыстарынан бізді осындай негізсіз айыптап, ақылға сыйымсыз наразылықтарын білдіріп жатады.
— Қазақстанда патологоанатом дәрігерлер қайда даярланады? Салада маман тапшылығы сезіле ме?
— Өзіміздің мекеме үшін жауап берейін. Көпсалалы Петропавл қалалық ауруханасының патологоанатомия бөлімінде мамандар тапшы. Біреуі өткен жылы қайтыс болды, екіншісі қоныс аударды. Бірақ орнына жаңа мамандар табылмады. Облыстық онкологиялық диспансенде 2, облыстық ауруханада да 2 маман бар. Олар да біз сынды жұмыс атқарады. Аталған емдеу мекемелерінің өз мәйітханасы жоқ. Бізде орындарды жалға алады. Бүгінде медицина саласында көп мамандарға сұраныс көп. Қазір дәрігер даярлауда да өзгерістер көп. Өзім Алматы қаласындағы медициналық академияда оқыдым. Паталогоанатомия саласында 40 жыл еңбек етіп жүрмін.
— Сіздің тәжірибеңізде клиникалық өлімге шалдығып, кейін тіріліп кеткен адам кездесті ме, әлде мұндай жағдай фантастикалық фильмдердің сценарийі ғана ма?
— Клиникалық өлім бас миының зақымдануы, жүректің тоқтап қалуы нәтижесінде пайда болатын адамның ес-түссіз күйі. Ол – жүректің соғуы, тыныс алудың тоқтауы. Мұндай құбылыс – биологиялық өлімге алып келуі мүмкін. Адамның жағдайына байланысты реанимациялық шаралар дер кезінде жасалғанда науқас өмірге қайта оралуы да ықтимал. Бірақ жаңа айтып өткенімдей, ауруханада қайтыс болған адамдар ең кем дегенде 2 сағат бөлімшеде жатады. Дәрігерлер оның дүние салғанына көз жеткізуі тиіс. Содан кейін ғана мәйітханаға әкелінеді. Түрлі жағдайлар болып тұрады. Адам терең комаға түсіп кетуі мүмкін. Жүрек соғысы мүлде байқалмайтын жағдай да кездеседі. Медицинада бәрі де болуы ықтимал, адам сенгісіз жағдайлар кездесіп жатады. Бірақ менің тәжірибемде өлім аузынан қайтқандар болған емес.
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО