Коронавирустан вакцинаны өз емханаңызда салдыра аласыз — Ержан Байтанаев

0

Коронавирусқа қарсы екпе кезек тәртібінде жүргізіледі. Ал вакцина алғысы келгендер өз емханаларына жүгінсе болғаны.

«Егер сіз КВИ вакцинасын алғыңыз келсе, телефон арқылы учаскелік дәрігерге хабарлауыңыз керек. Емхана сізді тізімге енгізіп, кезек тәртібінде екпе алуға шақырады, – деді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Сондай-ақ, ол 700-ден астам емхана коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға дайын екенін бөлісті.

«Қазіргі уақытта келіп түскен вакцинаның салыстырмалы түрде аз көлеміне байланысты 347 екпе кабинеті іске қосылды», – деп қосты Ержан Байтанаев.

Еске салсақ, Қазақстанда Covid-19 вакцинациясы 1 ақпанда басталды. Алғашқы вакциналаудан дәрігерлер, содан кейін мұғалімдер мен полиция қызметкерлері өтті. Сәуір айынан бастап халықтың осал топтарын вакциналауды бастау жоспарлануда.