«Халатымыз тозып, қол жуатын сабын таппай қаламыз»: көкшетаулық дәрігерлер басшысының үстінен шағым айтты

0

Ақмола облысы Психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері мен басшылығының арасында екі жыл бұрын басталған дау әлі шешілер емес. 2018 жылы жергілікті билік мемлекеттік мекемені шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорынға ауыстырған. Үш мекеме біріккелі бері ішкі тәртіп өзгеріп кетті дейді орталық мамандары. Ал өз ойын ашық айтып, мекеме басшылығына қарсы келгендер бірден жұмыстан қуылатын көрінеді. Ақ халаттылар шағымын Azattyq Ruhy тілшісіне айтты, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ 70% ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛҒАН

Психикалық денсаулық орталығындағы жұмысшылардың айтуынша, мекемелер біріктірілгеннен кейін меңгеруші қоластындағыларды бірінен соң бірін жұмыстан шығара бастаған.

«Мен өзім алдағы бірер айда зейнетке шығатын адаммын. Тыныш қана қоя салсам да болар еді. Бірақ бізде болып жатқан әділетсіздіктерден әбден қажыдым. Мәселен, бұрын мемлекеттік мекеме болып тұрғанда қызметкерлер екі айға толық (60 күн) еңбек демалысына шығатын. Ал қазір оны қысқартып тастап, 30 күн ғана береді. Сондай-ақ, жыл соңында берілетін сараланған (дифференцияланған) жалақыны алып тастады. Тоқсан сайын берілетін сыйыақыны енді түсімізде ғана көретін болдық. Ал қызметкерлерге мүлдем жағдай жасалмайды. Ай сайын үш мекемеге тек бір литр ғана антисептик беріледі. Жуынатын жеке гигиеналық заттар қойылмайды. Қызметкерлер киетін халаттар әбден тозып, жыртылып болған.

Жұмыстан кейін әрбір қызметкер душқа жуынуы тиіс. Ал душ істен шыққалы бірталай заман болған. Біз жұмыс істейтін контингент негізінен, ішкілікке салынған, нашақор адамдар. Олардың арасында қазіргі індет кезінде коронавирус дертіне шалдыққандар немесе туберкулез науқастары болмасына кім кепілдік бере алады? Қорғаныш құралдары бізге берілмейді. Ал осы жағдайды айтсақ, меңгерушіміз Ғалия Мұхамедиярова айқайға басып, «Ұнамаса кетіңдер!» дейді. Бүгінгі күнге дейін бұрынғы қызметкерлердің 70 пайызы кетті. Мен бұл туралы сөз көтерсем, «күндізгі стационарды жабамын» деп қорқытады. Әбден жанымызға тиген соң облыстық денсаулық сақтау басқармасына, еңбек инспекциясына, салық басқармасына 33 адам қол қойып, хат жазып шағымдандық. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже болмады», — дейді облыстық Психикалық денсаулық орталығының дәрігері Маржан Мұқанова.

Оның айтуынша, наркология басшысы Ғалия Мұхамедиярова заңды белшесінен басып жүрген көрінеді.

«Өзі зейнеткер болса да, екі мөлшерлемемен мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді. Полиция департаменті жанындағы сот-наркологиялық сараптамасында қызмет ете отырып, науқастарды біздің психикалық денсаулық орталығында қабылдайды. Өзінің тексерілмеген науқастарын бөлімге әкеліп, орталықтың препараттарымен қарайды. Осындай лауазымда болса да, жеке кабинетте нашақорлыққа және маскүнемдікке салынған науқастарға психикалық денсаулық орталығының қымбат тұратын дәрі-дәрмегін пайдаланады», — дейді Маржан Мұқанова.

«БІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙТІН АДАМДАР ДА ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ…»

Орталық қызметкерлерінің бірі жұмыстан себепсіз шығарылдым десе, өзгелері мекемеде тіркелген, бірақ жұмыс істемейтін адамдардың барын айтады.

«Мен осыдан бірер апта бұрын жұмыстан шығарылдым. Еш негізсіз «Сіз жұмыстан босатылдыңыз» деді. Себебін сұрадым. Жұмыс тәртібін бұзып, кешіккен кезім жоқ. Сондағы айтқаны: «Жас қызметкерлерді жұмысқа алуымыз қажет» дейді. Мұндай себеп бола ма? Мен үндеместен кетіп қалдым. Содан менімен келісімшартты үзіп тастады. Дәл осылай зейнет жасындағы дәрігер мен тағы бір қызметкерді жұмыстан шығарды. Ол басшылықпен дауласып еді, «Жақсы, істей беріңіз» деп қайта қабылдапты. Мен енді тиісті органдарға барып, аталған іс бойынша тексеруін сұрамақпын», — дейді атын атамауды сұраған бұрынғы қызметкер.

Шағымданған дәрігерлер мен медперсоналдың көбі өз аты-жөнін жарияламауды өтінді. Олар алдағы уақытта қысым көруіміз мүмкін деп қауіптенеді. Айтуларынша, мекемеде тіркеліп жалақы алатын, бірақ орталыққа мүлдем келмейтін «қызметкерлер» де бар екен.

«Мұнда келетін пациенттердің барлығы дерлік, ішімдікке салынғандар мен нашақорлар. Кейде өзімізге шабуыл жасайды, кезекшілікті отырған қыздардың күші жетпей, жарақат алған кездер де болған. Олар бірнәрсені қиратса, сындырса, біз өз қалтамыздан төлеуге мәжбүрміз. Өз жұмысымыздан бөлек, даладағы ауланы да тазалатады. Ал ол жұмыстарды істеуі тиіс адамдар бізде тіркелгенімен, жұмысқа мүлдем келген емес. Оны кездейсоқ біліп қалдық, 123 мың теңге жалақы алады екен. Ал біз күні-түні істеген жұмысымыз үшін 50-60 мың теңге ғана аламыз», — деп ашынды Психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері.

«СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗАМЫН…»

Қызметкерлердің айтқан шағымын Ақмола облысының Психикалық денсаулық орталығының басшысына жеткізіп, пікірін білмек болдық. Мекеме басшысы қарамағындағылардың айтқанын жоққа шығарды.

«Біздің жұмыстың бәрі заңға сәйкес. Жұмысты артығымен орындаған қызметкерлерге дифференциялық төлем жасалады. Ал өз міндетін дұрыс орындамаған қызметкерлерге қалайша қосымша ақы төлетемін?! Еңбек демалысы бұрынғыша мейірбикелерге – 42 күн, дәрігерлерге – 58 күн. Оларға айтып түсіндіруден шаршадым. Ал гигиеналық заттардан ақша үнемдеп жатыр дегендері мүлде ақылға сыймайды. Қазіргі пандемия кезінде тиісті қажеттіліктердің бәрі толық беріліп келеді. Олар қымбат жібек матадан жасалған халат сұрайды. Оның әрқайсысы 15-20 мың теңге тұрады. Ал тендермен мұндай халаттарды ала алмаймыз. Кәдімгі КСРО кезіндегі халаттар беріледі. Сынған заттар үшін ешкім оларға айыппұл төлеткен жоқ. Қызметкерлердің жұмыстан босатылып жатқаны да жалған. Дәрігерлер өз еркімен басқа жұмыс орындарына ауысады. Мен мұны жай қалдырмаймын, жала жапқандары үшін сотқа беремін», — дейді Камиль Рысқұлов.

Аталған мәселе бойынша Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, жауап ала алмадық.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы