«COVID-19 қарсы вакцина миға тікелей әсер етеді»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде COVID-19-ға қарсы вакциналар миға әсер етеді деген теорияны талқылауда. Желі қолданушыларының бірі препаратты әзірлеушілермен сұхбатты оқығаннан кейін осындай болжам жасаған. Іс жүзінде бұл жорамал және фактілерді манипуляциялау, деп хабарлайды stopfake.kz сайты.
Біріншіден, ролик авторы сілтеме жасаған сұхбатта ми және вакцинаның оған әсер ету қабілеті туралы ештеңе айтылмаған.
Екіншіден, COVID-19 қарсы вакцина компоненттерінің зертханада жасалуында, ролик авторы сипаттағандай, қауіпті және «химиялық» ештеңе жоқ. Керісінше, осы әдіспен препарат компоненттерін әзірлеу вакциналарды қысқа мерзімде жасап шығаруға мүмкіндік беретіні негізгі факторға айналды. Гендік инженерия жұмыстарының нәтижелерін «химерлер» деп атау ғылымға қарсы. Ғылымның мақсаты жаңа, ықтимал қауіпті түрлерді жасау емес, түрі өзгертілген ағзаның қажетті қасиеттерін дамыту болып табылады. Гендік инженерия өнімдері – бұл жәндіктерге және ауа райының қолайсыздығына төзімді мәдени өсімдіктердің сұрыптары, генетикалық түрлендірілген бактериялардың көмегімен ойлап табылған адам инсулині және адамдар бұрыннан қолданылып келе жатқан көптеген заттар.
Үшіншіден, видео авторы айтып отырған липидті нанобөлшектер қауіпті емес. Желі қолданушысы мысал ретінде келтірген осындай бөлшектердің көмегімен ми жасушаларына дәрі-дәрмекті жеткізу туралы зерттеу – сайтта жарияланған липидті нанобөлшектердің 3 563 зерттеуінің бірі. Басқаларында ғалымдар дәрі-дәрмекті өкпеге жеткізу, қатерлі ісік ауруын емдеу, үлкен жараларды емдеу және басқа да медициналық мақсаттар үшін осы технологияны қолдануды сөз етеді.
Видео авторының неге 2018 жылы сайтта жарияланған ми туралы зерттеуді таңдағаны түсініксіз. Сондай-ақ, осы әдістің сипаттамасын соңына дейін неге оқымағаны да белгісіз. Онда: «дегенмен, мұндай наноқұрылымдар клиникалық сынақ сатысында сәтті өтуі үшін мұқият зерттелуі керек» делінген. Бұл жариялаған кезде технология тек зерттеу сатысында ғана болғанын және оның негізінде бірде-бір препарат әзірленбегенін және тестіленбегенін көрсетеді. Тиісінше, липидті нанобөлшектердің дәрі-дәрмекті тікелей миға жеткізу мүмкіндігі тексеруді қажет ететін гипотеза болып табылады.
Төртіншіден, вакциналардың клиникалық зерттеулеріне қатысушылардың ешқайсысында мидың жұмысында қандай да бір өзгерістер тіркелмеген.
Бұл автордың фактілерді қасақана бұрмалағанын және жалпыға қолжетімді деректерді дұрыс түсіндірмегенін дәлелдейді. COVID-19 қарсы вакциналар миға әсер ете алмайды және оның жұмысын өзгертпейді.